Еліне адал жан

Сәу 24, 2025

Халқының намысын қорғап, елі үшін жанын қиюға дайын болған отандастарымызды құрмет тұту – міндет. Бүгінгі бейбіт өміріміздің негізін қалаған соғыс майдангерлерінің арқасында егеменді ел атанып, дамыған елдер қатарына қадам басудамыз. Ел есінде өшпес ерлігімен танылған батырлардың бірі – Мұхтар Сүлейменов.

Майдангер 1912 жылы қазіргі Май ауданы Жаңатілек ауылында дүниеге келген. Ол 1932 жылы бай баласы ретінде Новосібірге қудаланып, әскери завод құрылысына үлес қосқан.

Кенеттен келген соғыс жылдарының басында әскерге алынып, қан майданға аттанады. Батылдық пен ержүректікті бойына сіңірген майдангер «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.

Елге аман оралған Мұхтар Сүлейменов Краснокутск ауданы Спартак ауылында агроном, бас экономист қызметін атқарды. Көзін көрген замандастары ауылдың барша қаржылық жоспарын логарифмдік сызғышпен есептеп, жұмысына тиянақты қарайтынын айтады.

Өмірлік серігі Сақыпжамал Шайғазықызымен 40 жыл отасып, дүниеге екі қыз бен екі ұл бала әкеледі. Бүгінде батырдың саналы ұрпақтары еліне абыройлы қызмет етуде. Жолын жалғаған жас буын қайсарлығын мәңгі жадында сақтайды.

Қ.ШАЙҒАЗИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.