Жеңіс саябағы түрленбек

Сәу 24, 2025

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында қанды шайқаста қаһармандық танытқан қайтпас ерлеріміздің құрметіне орнатылған ескірткіштер мен белгілер қайта жөндеуден өтуде. Солардың бірі — Ақтоғай ауданының Харьков ауылындағы Жеңіс обелискісі.  Бүгінде ескерт-кішті қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, саябақ аумағын абаттандыру және балалар алаңын орнату жұмыстары көзделген.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын Харьков ауылының тұрғындары ерекше атап өтпек. Себебі көп жылдан бері жөндеу көрмей тозығы жеткен обелиск жөнделуде. Аталмыш жұмыстар сәуір айының басында басталған.

Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Қуаныш Пістебаевтың айтуынша, аталмыш жұмыстарға облыстық бонустан 14 млн 600 мың теңге бөлініп, бүгінде бұл қаржыға саябаққа тас төселіп, жарықтандыру орнатылады, ал балалар аймағында әткеншектер мен шағын ойын алаңдары пайда болады. Сонымен қатар, обелисктегі Харьков ауылынан қан майданға аттанып қаза тапқан барлық батырдың есімдері сақтала отырып, заманауи үлгіде жаңартылады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң Жеңіс саябағы жаңарып, ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы әрі көрікті демалыс орнына айналмақ.

Жұмысты жүргізіп жатқан «Ремонтник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  мамандары қазіргі уақытта плиталарды ауыстырып, қоршауын жөндеуде. Мердігер жұмыстарды 9 мамырға дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

— Аталмыш жұмыстарды сәуір айының басында бастадық. Ауа райы бірқалыпты болса, мамыр айының басына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде обелисктің плиталары көтерілді. Енді саябақ аумағын абаттандыру, балалар алаңын салу жұмыстарын жүргіземіз. Жұмысқа барлығы 7 адам тартылды, —
дейді мердігер Жұмагелді Сұлтанов.

324 тұрғыны бар Харьков ауылында бүгінде мәдениет үйі, мектеп және медициналық пункт бар. Алдағы уақытта ауылішілік жол да жөнделмек. Мұндай игі істердің атқарылып жатқанына ауыл тұрғындары да дән риза.

— Соңғы жылдары ауылымыз қарқынды дамып келеді. Адамдардың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Енді, міне, обелиск те жөнделіп, балалар алаңы бой көтермек. Саябақ ауыл тұрғындарының басты демалыс орнына айналары анық, — дейді ауыл тұрғындары.

Жуырда Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Харьков ауылына іссапары барысында аталмыш жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ мұндағы әрбір жұмыс күнделікті бақылауында болатынын айтып, жұмыстың әуелі сапасына мән беруді тапсырды.

Обелискіні жаңарту – ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу және олардың ерлігін келер ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы. Жаңартылған саябақ ауыл тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналып, тарихи жадымызды жаңғыртатын орын болары анық.

Айдана БОРАНБАЕВА

Ақтоғай ауданы.