Тамшыдай пайдасын тигізгісі келеді

Сәу 24, 2025

Ұтымды ұсынысы мен тың идеялары бар, алған білімі, тәжірибесі де басқарушылық қызметте айтарлықтай өзгеріс әкеледі деген жастар өткен жылы іріктеліп, өңірлік кадрлық резервке 20 азамат алынды. Бүгінде олардың конкурстан тыс ұсынылған лауазымдарға жетеуі орналасқан. Айта кету керек, екі резервші облыс орталығынан аудандық мекенде еңбек етуге жол тартқан.

Жанына жақын

Міне, осындай мүмкіндікті мүлт жібермеген резервшінің бірі – Әсет Мунтынов. Квазимемлекеттік сектордағы жұмысын тастап, аймағымыздың шалғай аудандарының бірі Железинге аттанды. Мұнда аудан әкімдігі аппаратына жетекшілік етіп отыр. Жауапты лауазым ұсынылғанда біраз ойланып, қабыл алған. Қазіргі таңда ұжыммен жақын танысып, мұндағы міндеттерінің негізгі бағыттарын барынша тереңірек зерделеуге кіріскен. Осал тұстар болса, оны жетілдірудің жолдарын қарастыруды мақсат етіпті.

Осы ретте, өңірлік кадрлық жастар резервіне енген Әсет Мунтыновтың білім, еңбек жолына сәл үңіліп көрсек. Павлодарда Инновациялық Еуразия университетін Құқық мамандығы бойынша 2015 жылы үздік тәмамдаған. Бір ай жастар практикасы аясында Павлодар қаласының прокуратурасында алдын ала тергеу заңдылығына қадағалау жүргізетін бөлімде қызмет еткен. Содан соң Мәскеудегі Экономика жоғары мектебінің жоғары зерттеу институтына магистратураға грантпен оқуға түседі. Халықаралық және жекеменшік құқық бағытында білім алады. Магистрлік ғылыми дәреже алған жас азамат туған өлкесіне келіп, еңбек жолын жалғастырады. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасында инвестиция тарту бөлімінде бас маман, одан кейін облыс әкімдігінің аппаратында мемлекеттік құқықтық бөлімде бас маман қызметтерін атқарады.

Бұдан кейін аймағымыздың денсаулық сақтау басқармасында еңбек еткен. Мұнда да құқықтық жұмыстарға жауапты болады. Нақтысы, медициналық ұйым-дардың құқықтық қызметіне бақылау жүргізеді. Кейін Әсет Асланұлы квазимемлекеттік секторда да еңбек етіп көруді жөн санайды. Сөйтіп, Павлодар мұнай-химия зауытына бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплеанс қызметінің жетекші маманы лауазымына тағайындалады.

Ал өңірімізде жастар кадрлық резер-віне іріктеу өтетінін әлеуметтік желіден білген ол бағын сынайды.

— Шыны керек, мемлекеттік қызмет жаныма жақын. Қоғамға, адамдарға пайдамды тигізгім келеді. Негізінен, осы ұстанымым мені қайтадан мемлекеттік қызметке жетелеген болар. Өз басым үшін өңірлік кадрлық жастар резервіне іріктеу қиынға соққан жоқ. Заңгер болған соң еліміздің заңдарына қатысты білімімізді тексеретін тест оңай болды. Жеке қасиеттерімізді бағалаудың жөнін де бұрыннан білемін. Себебі, мемлекеттік қызметке қабылданарда міндетті түрде өтетінбіз. Одан кейін сандық ақпараттармен жұмыс істеу ептілігіміз сыналды. Астанада мемлекеттік басқару академиясында өткен кезең де сәтімен болды, — дейді Әсет Мунтынов.

Тәуекел тудырмас үшін…

Өңірлік резервтің талапшыл жастар үшін таптырмас мүмкіндік екенін Әсет Асланұлы жақсы біледі. Себебі, конкурстан тыс жоғары лауазымға орналасу жағдайы жасалады. Яғни, қазіргі қызметінен де жоғары сатыға көтерілуге жол ашылады.

Ал өңірлік кадрлық жастар резервінің соңғы кезеңі – жоба қорғауға келгенде Әсет Мунтынов тосылып қалған жоқ. Бір емес, бірнеше ұсыныс, идеясын алға тартқан. Алғашқысында бұрын еңбек еткен денсаулық сақтау басқармасында байқаған осал тұстардың орнын толтыруға ой қосады.

— Жобаға келсек, таңдаған бағытым – әлеуметтік сала. Мұнда мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы тәжірибелерімді бір арнаға тоғыстырып, ұтымды жолын ұсынуға тырыстым. Кейбір мәселелерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді қолдану арқылы шешу мүмкіндіктерін ұсындым. Бұл ретте, бұған дейінгі квазимемлекеттік сектордағы жұмыста басшылыққа алған механизмдерді пайдалану тиімділігін айттым. Нақтысы, мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселені алсақ, елімізде мемлекеттік сатып алулар туралы заң бар. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің белгілі бір тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, квазимемлекеттік секторда сатып алулар ережесі бар. Жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу құралдары көрсетілген. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік  сатып алулар ережесінде тәуекелдер бар. Сондықтан, квазимемлекеттік саланың сатып алулары бағытында контрагенттердің сенімділігін тексеруде қолданылатын құралдарды денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік сатып алуларда пайдалануды ұсындым. Әлбетте, мұның бәрі заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер енгізу жолымен қолдану қажеттігін атап өттім, — дейді Ә.Асланұлы.

Одан бөлек, ол Шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар басшыларының орынбасарларын тағайындауға қатысты ұсыныс айтқан.

— Қазіргі таңда орынбасарлары осы мекеме басшысының ұсынуымен және құзырлы органмен келісіліп, тағайындалады. Менің ойымша, олар конкурстық негізде тағайындалуы тиіс. Яғни, бірінші басшыға берілгендігі, адалдығы бойынша тағайындалмауы керек. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жағдай туғызады, — дейді жас резервші.

Олқылық болса, орнын толтыру

Осылайша, тың идеяларымен өңірлік жастар кадрлық резервіне енген жігіт Железин ауданы әкімінің аппараты басшысы лауазымына ұсынысты қабылдаған.

— Лауазымдарға ұсынарда, әлбетте, облыс әкімдігі біздің қызметтік тізімімізге, тәжірибемізге назар аударады. Железин ауданы әкімінің аппараты басшысы лауазымын ұсынды. Жан-жақты ойланып, шешім қабылдадым. Себебі, ортаны өзгерту, өзге елді мекенге көшу, тұрмыстық жағдай да ауысады. Квазимемлекеттік сектордан мемлекеттік қызметке ауысатын болдым. Мемлекеттік қызметші ретінде бірқатар шектеулерді қабылдау керекпін. Осының бәрін салмақтай келе, келістім. Конкурстан тыс жауапты лауазымға тағайындалдым, — дейді Әсет Мунтынов.

Қазіргі таңда Железин ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарып отыр. Осылайша, аудан әкімі және аудандық әкімдік қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-техникалық құқықтық қамтамасыз ету міндетін мойнына алды.

— Бұл лауазымға келісуімнің себебіне тоқталсам, жоғарыда айтқанымдай қоғамға пайда тигізуді қаладым. Оған қоса, жаңа орында әріптестерімнен тәжірибе жинақтап, басқарушылық қабілетімді жақсарта түскім келді. Бүгінде ұжыммен етене танысып, бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуге бел будым. Жаңа қызметтің оң-солын таразылап, жұмыстың барлық бағыттарын күшейтуге ниеттіміз. Қандай олқы тұс болса, соны жетілдіруге күш саламыз. Көрсеткіштерімізді де бір таразылаймыз. Бір сөзбен айтқанда, аппараттың жұмысын толық түсінуге тырысамын. Басымдық беріп, барынша күш салатын бағыттарды айқындап алмақпыз, — дейді Әсет Асланұлы.

Жас басшы әлі де тәжірибе алмасып, білімі мен білігін жетілдіруден аулақ емес.  Өзге әріптестерімен де әрдайым байланыста. Резервшілермен де ой бөлісіп тұрады. Оңтайлы шешім қабылдар сәтте өзге аудандағы аппарат басшыларымен де тілдесіп, пікір алмасады. Жалпы, өңірлік кадрлық жастар резервінің өкілі өзіне артқан сенімге селкеу түсірмей, еңбек етпек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.