Тікұшақ қызмет көрсетеді

Мам 2, 2025

Көктем, жаз айларында орманды өңірлерде өрт шығу қаупі арта түсетіні белгілі. Оған төтеп беру үшін қажетті техникалар мен құрал-жабдықтардың сақадай сай болуы маңызды. Осы мақсатта Шарбақты ауданына тікұшақ сатып алынды.

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, бұдан былай әуе көлігінің көмегімен тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтауға жан-жақты жағдай жасалуда.

— Облыс әкімі Асайын Қуандықұлының тапсырмасымен өрт сөндіру қажеттілігі пайда болған кезде суды Шалдай ауылының қасындағы жасанды су қоймасынан тікұшақ арқылы жеткізу мүмкіндігі туды. Шалдай елді мекенінде орналасқан авиабаза «Astar-AS350B3e» маркалы жаңа тікұшақпен қамтамасыз етілді, — деп жазды аудан басшысы өзінің әлеуметтік парақшасында.

Сонымен қатар, жақында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты да жаңа техникалармен толыққанын атап өткен жөн.

Н.ШОДЫР.