Білім ақшаға сатылмайды

Мам 2, 2025

Аймағымыздың құқық қорғау саласында білім алып жүрген жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде штаб құруды сұраған. Құзырлы орган мамандары жас курсанттардың ұсынысын қарастыруда.

«Достық үйінде» Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мамандары «Заң және тәртіп» бағытын іске асыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі оқу орталығының курсанттарымен  кездесу өткізді. Шараға Ұлттық ұлан, облыстық полиция департаментінің басшылары, құқық қорғау саласының ардагерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Облыстық сыбайлас жемқор-лыққа қарсы қызмет департа-менті Превенция басқармасының басшысы Данияр Кәукенов жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

— Қазіргі жастарда мүмкіндік көп. Әлеуметтік желі арқылы табыс табудың оңай жолымен айналысуы мүмкін. Кездесу арқылы болашақ мамандарға әділдік, адалдық қағидаттарын түсіндіру керекпіз. Қазіргі жастардың белсенділігі қуантады. Жақында олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы штаб құруды сұрады. Бұл арқылы «Академиялық адалдық лигасы» жобасын жүзеге асырып, қоғам дертімен күрескілері келеді. Өз ойларын ашық айтады. Қазір жас курсанттардың ұсынысын қарастырып жатырмыз, — дейді Данияр Кәукенов.

Жиынға қатысқан «Қала құрылысы кеңесі» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Нұргүл Қайырденова қоғам белсенділері түрлі салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне терең талдау жүргізетінін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған  кезде ұсынысты жауапты органдарға жіберіп, заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ресми хаттар жолдаймыз. Себебі, заңнамалық актілерде құқықбұзушылықтарды айналып өту мүмкіндіктері бар. Білім беру саласында сын-қатер көп. Мәселен, емтихан тапсыру, диплом жұмысын жазу кезінде жоғары баға алу үшін заңға қайшы әрекеттер орын алып жатады.  Жастар оңай жолмен білім алмау керек. Адал еңбекке ұмтылуы  керек.Жастарға осы қағиданы жиі айтамыз, – дейді Нұргүл Қайырденова.

Кездесуде құқық қорғау сала-сының мамандары, ардагерлері жас курсанттарға студент кездегі қызықты оқиғаларын айтып, болашақ мамандықтарының жауапты екенін атап өтті. Олар қоғамда әділдік орнатуға міндетті екенін еске салды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.