Патриоттық іс-шаралар өтеді

Мам 2, 2025

Алда елімізде қос мереке — Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні аталып өтпек. Бұл күндері облыс тұрғындарын не күтіп тұр? Қандай іс-шаралар ұйымдастырылады? Неге басымдық беріледі?

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисованың айтуынша, алдағы мерекелерге арналған идеологиялық мазмұны бар бірқатар патриоттық  іс-шаралар жоспарлануда. Сол бойынша соғыс ардагерлері мен аға буынға құрмет көрсетіліп, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар қолға алынбақ.

— Атап айтқанда, 7 мамыр күні сағат 11.00-де Отан қорғаушылар күніне орай «Ertis Рromenade»  сахнасында, Екібастұз, Ақсу қалаларының LED экрандарында Елордада өтетін «Қазақ елі» мерекелік, республикалық
әскери шеру көрсетіледі. Оған облысымыздан 15 адамнан тұратын делегация қатысады. Сондай-ақ, мереке күндері жыл сайын ұйымдастырылатын «Үлкенге құрмет!» акциясы аясында аймақ жастары тыл еңбеккерлерімен кездесу кештерін өткізіп, ардагерлердің үйлеріне баруды, аулаларын тазалауға көмектесуді және азық-түлік себеттерін таратуды жоспарлап отыр. Мектептерде әскери мамандық алған түлектердің қатысуымен патриоттық бағыттағы «Ерлік сабақ-тарын» өткізу, 15 команданың қатысуымен «Қазақ даласы» топтық техникалық-тактикалық ойындар, жасөспірімдер арасында спорттық әскери-патриоттық эстафеталар, мерекелік концерттік бағдарламалар және патриоттық фильмдерді жаппай көрсету жоспарлануда, — деді Айнұр Мақсұтқызы. Сондай-ақ, 5-7 мамыр аралығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығының логотипі бар Мемлекеттік ту түстес 30 мың дана «Жеңіс лентасы» аймақ тұрғындарына таратылмақ.

Ал 9 мамыр — Жеңіс күні әдеттегідей қалалар мен аудандардағы Ұлы Отан соғысы монументтеріне және ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі. Мереке қарсаңында майдангерлер мен тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталады. Соғыс батырларын еске алу үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға
тағзым!» атты республикалық бірыңғай онлайн ақпараттық платформасын іске қосқан.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар-масы басшысының орынбасары Самал Сәменованың айтуынша, мамыр айындағы мерекелер қарсаңында 2 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде Отан қорғаушылар күніне орай облыста 500-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде.

— Аймақтағы музейлер мен кітапханаларда тақырыптық кештер, кездесулер, патриоттық және танымдық сағаттар өтеді. Мәселен 7 мамыр күні Қарттар үйінде Шаңырақ орталығы ұжымының ұйымдастыруымен «Қазы-налы қарттарым» мерекелік концерті, Әскери Даңқ музейінде «Отан қорғаушылар» тақырыптық кеші және театрларда қойылым ұсынылады, — деді Самал Саменова. Мұндай іс-шаралар қала мен аудандардағы мәдениет мекемелерінде де өткізілетін болады. Осы күні Естай атындағы мәдениет сарайында Қайрат Нұртастың мерекелік ән кеші өтеді.

Жеңіс күні облыс бойынша 1 мыңға жуық мәдени іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, музейлерде фестиваль, көрме, байқау, кештер мен театр-ландырылған көрсетілімдер өткізілмек. Бұл күні музейлерге кіру тегін болады.

Ал кешкі сағат 18.00-21.00 аралығында облыс орталығындағы «Ertis Promenade» сахнасында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен Естай атындағы мәдениет сарайы әртістерінің қатысуымен концерттік бағдар-лама ұсынылады. Айтулы кешті танымал шоумендер Мүрсәлім Дастанбек пен Ирина Тен жүргізеді.

Нұржайна ШОДЫР.