Тағылым ордасы

Мам 15, 2025

Облысымыздағы көненің көзін сақтаушы мәдени орталықтардың бірі – Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі. Тарихтың куәсі болып саналатын мәдени әрі тарихи орын атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан көне жәдігерлерді болашақ ұрпаққа жеткізіп, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, нәтижелерін насихаттауда абыройлы қызмет етіп келеді.

Ағаш сәулет өнерінің ескерткіші болып саналатын бірегей ғимарат Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін 1992 жылы есігін айқара ашқан болатын. Музей қорында көптеген бағалы жәдігер жинақталған. Мұнда, әсіресе жерлес ақын-жазушылар Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаяу Муса, Майра Шамсутдинова, Жұмат Шанин, Шәкен Айманов және Иса Байзақов сынды бірегей дарын иелеріне тиесілі әдеби материалдар, қолжазбалары мен жеке заттары сақталған. Музейдің бас қор сақтаушысы Мейрамғали Есмұқановтың айтуынша, бүгінде музей қорында 58 000-ға жуық жәдігер сақтаулы. Музей қызметкерлері үшін қордағы әр жәдігер құнды, өзінің тарихымен ерекше.

— Әр жәдігер ерекше күтімді қажет етеді. Оның ішінде тарихи маңызы бар, құнды құжаттар, фотосуреттер, ағаштан, теріден, сүйектен, темірден жасалған бұйымдар бар. Шама-шарқымызға қарай өңі кеткен, тозығы жеткен заттарды өз қалпында сақтап, өңдеуге тырысамыз. Кейбір заттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына жіберіп отырамыз. Жәдігерлерді жинақтау барысында ғылыми-экспедициялық сапарларға жиі шығып отырамыз. Сапар алдында қажетті деректерді жинақтап, мақсат қойып, жоспар құрып шықсақ, сапар оң нәтижесін береді.  Экспедиция барысында табылған жәдігерлерді актілеп, тарихын жазып, қор жинағына түсіріп, көрме ұйымдастырып, көпшілікке таныстырамыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты хабардар етеміз, — дейді Мейрамғали Қайроллаұлы.

Бүгінде музей қабырғасында жерлес ақын-жазушылардың, композиторлар мен мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығын таныту және насихаттау мақсатында кездесу, шығармашылық және демалыс кештері, оқушылар мен ән орындаушылардың облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулары өткізіліп тұрады.

Айдана БОРАНБАЕВА.