Басқармаларда — жаңа басшы

Мам 15, 2025

Бұрнағы күні облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Аймақ басшысы Асайын Байханов отырысқа қатысушыларға индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және сауда, ветеринария басқармасының басшыларын таныстырды.

Облыс әкімінің өкімімен өңірдің индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына Людмила Құрманова тағайындалды.

Людмила Рашидовна 1981 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2002 жылы Алматы Экономика және статистика институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы Инновациялық Еуразия университетінің магистратурасын бітірген.

Өзінің кәсіби қызметін 2002 жылы Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бастады, онда 2021 жылға дейін бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

2021 жылы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі болды. 2021 жылдың тамызынан 2024 жылға дейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін өңірдің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.

* * *

Өңірдің ветеринария басқармасының басшысы лауазымына Асылтас Тілеубаев лайық деп танылды.

Асылтас Абылайұлы 1988 жылы туған. «Ветеринариялық санитария» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2008 жылы бастаған, 2011 жылы Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округі аппаратының бас маманы ретінде жұмыс жасады. 2012-2015 жылдары Павлодар қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман болып, содан кейін қалалық ветеринария бөлімі басшының орынбасары қызметін атқарды. 2020-2022 жылдары Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар және лицензиялау бөлімін, ветеринария және лицензиялау бөлімін басқарды. 2022 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

* * *

Өңірдің кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы болып Талғат Дұғалов тағайындалды.

Талғат Әнуарбекұлы — өңірлік кадр резервінің мүшесі. Ол 1989 жылы дүниеге келген, «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Құқықтану» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2011 жылы Ақсу қаласы әкімі аппаратының инспекторы болып бастаған.

2014-2019 жылдары Павлодар облысының құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында жұмыс істеді. Ақсу қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімін, Железин ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімін басқарды. Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары болды.

2019 жылдан 2023 жылға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы және басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Асайын Қуандықұлы жаңадан тағайындалған басқарма басшыларына жаңа лауазымда жұмыстарына сәттілік тіледі.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.