Елу жылда ескісі жаңарады

Мам 22, 2025

Песчан ауылы биыл көріктене түспек. Әлеуметтік нысандарының ескісі жөнделіп, жаңа кейіпке енеді. Оған қоса, жаңадан дене шықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Ал күзде ауылдың бүлдіршіндері жайлы балабақшаға барады. Сонау 1976 жылы салынған екі қабатты ескі ғимарата күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары қызған. Балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарына облыс қазынасынан 282 млн теңге бөлінген. Мұнда ғимараттың шатыры толық ауыстырылып, сұр силикат кірпішінен салынған қасбеті металл жабынқышпен қапталмақ. Бұл ғимаратты жылылау үшін қолға алынып отыр.

Аталмыш «Балдырған» сәбилер бақшасы басшысының міндетін атқарушы Лейла Мұсаеваның мәлімдеуінше, бұдан бөлек, барлық ескі терезелер ауыстырылады.

— Жарты ғасыр бұрын салынған ғимарат тозғаны сөзсіз. Әсіресе, ағаш терезелердің жақтаулары қурап, қабырғадан ажырай түсті. Жыл сайын жылылаймыз. Десе де, қыста боранды күндері желдің үрлегені сезіледі. Енді пластикалық әйнектер орнатылады. Төбеден де көктемгі жаңбырда кейбір тұстарынан су ағып, жайсыздық тудыратын. Шатыры ауыстырылған соң мұндай келеңсіздіктер болмайды деп үміттенеміз, — дейді балабақша басшылығы.

Сонымен қатар, жылу желілерін жаңарту жоспарланған. Себебі, жылу батареялары елу жылда бітеліп, жылу өткізгіштігі, сақтауы төмендеген. Электр сымдары да тозыпты. Оны да ішінара ауыстыру көзделген. Кіреберіс есіктер толық ауыстырылады деп күтілуде.

Балабақшаның аумағындағы асфальт та әбден тозған. Ағаш тамырлары ескі тас жабындыны көтеріп кеткен. Мүжіліп, кедір-бұдыр асфальтқа балалар шалынып, жиі құлап та қалады. Енді күрделі жөндеу жұмыстары аясында асфальттің орнына кеспетас төселеді.

Елімізде жаңа балабақшалар салынып, ескілері адам танымастай өзгеріп, жатқанын көргенде кез келген ата-ана баласының да жайлы, заманауи мекенде тәрбиеленіп, дамығанын қалайды. Песчан ауылының тұрғыны Юлия Терентьева да — ауылындағы жалғыз балабақша жөнделетінін естігенде қуанғандардың бірі.

— Ата-аналарды жинап, балабақша басшылығы биыл жөндеу жүретінін, балалар біраз уақыт үйде болатынын айтты. Әрине, біраз уақытқа жабылатынына сәл жабырқап қалғанымызбен, балабақшамыздың жаңаратынына қуандық. Екі балам осы бақшадан түлеп ұшты. Қазір кіші балам барып жүр. Ескі ғимарат болған соң қыста жел үрлеп, қолайсыздық болатынын естиміз. Менің балаларым барған топтарда тәрбиешілер мен көмекшілері әйнектерін қыста бітеп, барынша жылылап қоятын. Сондықтан жайсыздық сезінбедік. Бірақ, кей топтарда қыста аңырап кететіні айтылатын. Енді жөндеуден кейін бұл жайсыздықтар жойылса, әрине, керемет емес пе?! – дейді Юлия Викторовна.

Жалпы, балабақшада 70-тен астам бала тәрбиеленеді. Биыл олардың 17-сі балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттамақ. Орнын кішкентай бүлдіршіндер толтырады деп күтілуде.

Лейла Ясирқызының айтуынша, ескі ғимаратты балабақша ұжымы барынша күтіп-баптап, балаларға жайлы етіп ұстауға тырысқан. Бүлдіршіндерді дамытуға түрлі әсемдік бұрыштарын да ұйымдастырған.

Мәселен, кіреберісін ғаламшар түрінде безендіріп, балалардың танымдық дүние-
сін дамытуға тырысқан. Қысқы бақ деп аталатын бөлмеге енген балалар түрлі өсімдіктер әлемімен танысады. Тіпті, аквариумдағы балықтармен танысып, экскурсияға қанық болады. Балабақша ұжымы күрделі жөндеуден кейін де осы әдемі орындарын сақтап қалмақ. Балабақшада спорт, музыка залдары да бар. Баланы дамыту жағынан заманауи балабақшалардан еш қалып жатқан жоқпыз, дейді Л.Мұсаева.

Песчан ауылдық округінің әкімі Серік Әлекпаровтың айтуынша, балабақшадан бөлек, Песчан ауылында биыл №2 мектеп те жөндеуден өтеді. Мұнда орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазынадан 65 млн теңге бөлінген.  Сонымен қатар, ауыл көшелері жарықтандырылады. Жарықтандыру бағандарын орнату мақсатына 100 млн теңге қарастырылған. Бюджет қаражатынан бөлек, ауылдың дамуына демеушілер де үлес қоспақ көрінеді. Демеушілік 10 млн теңгеге елді мекенде көшелерді жарықтандыру жобасы жасалды.

Ал облыс бюджетінен бонустық трансферт есебінен ауылдың ішкі көшелеріне жөндеу жүргізіледі. 96 млн теңгеге жалпы ұзындығы 2,05 шақырымдық ауыл көшесіндегі асфальт ретке келтіріледі.

Аудандағы ірі елді мекендердің бірі Песчан ауылында жаңа су құбыры тартылып жатқанын білесіздер. Нақтысы, мұнда ескірген су құбыры жаңартылуда. Аталмыш ауыл тұрғындары
көптен бері мәселені көтеріп келген еді. Яғни, ескі құбырдан келетін судың
сапасына көңілдері толмады. Халықтың өтініштілегі ескеріліп, өткен жылы құбыр-ларды ауыстыру жұмыстары басталған еді. Алайда, мердігердің жұмысының салғырт-тығынан былтыр қолданысқа берілуі тиіс жоба әлі аяқталған жоқ. Ауылдық округ әкімі өзен суы тартылған соң құбыр тарту жұмыстары қайтадан жалғасып, биыл тұрғындардың игілігіне беріледі деген үміт бар. Осылайша, ауыл бір жылда жаңарып, көркейе түспек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.