Жауапты жүргізуші

Мам 22, 2025

Серік Мұқатов бала кезінен техникаға жақын болды. Бұл қасиеті оның болашақ мамандық таңдауына әсер етті. Қазіргі таңда кәсібі Тереңкөл ауданының маңындағы екі ауыл арасына мектеп оқушыларын тасиды.

Серік Мұхтарамұлы таңмен таласа тұрады. Себебі, мектепте сабақ басталмас бұрын оқушыларды жеткізуі тиіс.

— Бала тасымалдау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан жұмысыма тиянақты қарауға тырысамын. Таңғы сағат 6-дан бастап емханада күнде медициналық тексерістен өтемін. Бала тасымалдайтын жүргізушілер үшін бұл – міндетті. Одан кейін көлігіме жанар-жағармай құйып, оқушыларыма барамын, — дейді Серік аға.

Алдымен Тереңкөл ауылының іргесінде 2 шақырымдық қашықтықтағы Юбилейное елді мекеніндегі балаларды алып, аудан орталығындағы мектепке жеткізеді. Одан кейін Осьмерыжск ауылынан бес оқушыны Береговое елді мекеніне апарады. Осылайша жүргізуші ағайдың аптасына бес күні өтеді. Балалардың у-шуына үйреніп қалған Серік Мұқатов жексенбі күні оларды сағына бастайтынын жасырмайды.

— Әрине, балаларды аман-есен жеткізу мойнымда екенін сезінемін. Балалардан да барынша тәртіп, автобуста тазалық сақтауды талап етіп отырамын. Барлығы «ағайлап», сыйлап тұрады. Үшінші жыл қатарынан тасымалдап жүрмін. Бір-бірімізге үйреніп те қалдық, — дейді шопыр ағай.

Серік Мұқатов көлік жүргізушілік жанына жақын мамандық екенін айтады. Ол орта білім алғаннан кейін Павлодар қаласындағы жүргізушілер даярлайтын мектепте оқыған. Әкесінің бала күндегі қамқорлығы, жасаған сыйы да әсер етсе керек.

— Өзім Тереңкөл ауылының тумасымын. Покровка деген елді мекенде туып-өстім. Бастауыш бітіргенде әкем «Восход» маркалы мотоцикл сатып алып берді. Сол кездегі қуанышымда шек болмады. Көрші ауылдағы әкемнің досына барып, ол кісі қолыма қомақты байғазы ұстатқаны есімде. Әкем жас кезінде өзі көлікті болмаса да, біз үшін барын салды. Кейін өзі де техниканың түр-түрін жүргізді, — дейді Серік Мұхтарамұлы.

Қазір балалар тасымалдайтын «Газель» маркалы көлігі — 2020 жылғы. Жаңа күйінде өз қолына тиген. Бір адамның ғана қолында болған соң еш ақаусыз, балаларды уақытылы жеткізуге жарап тұр.

— Сеніп тапсырылған техниканы барынша күтіп ұстауға тырысамын. Аптасына бір рет көлік жуатын орынға апарып тазартып аламын. Күнделікті ішін өзім шаң-тозаңнан тазартып, сүртіп отырамын. Балалар отыратын орынды таза ұстаған жөн ғой. Автобус қысы-жазы гаражда тұрады. Осы көлік үшін үйімнің жанынан арнайы гараж да салып алдым, — дейді жүргізуші ағай.

Жұмысының жайлы екенін айтады. Тек жалақы көтерілсе деген ниетін бүгіп қалмады. Алда балалардың жазғы демалысы басталады. Серік Мұхтарамұлы бұл кезеңде де жұмыссыз қалмайтын көрінеді. Маусымның ортасына дейін емтихан тапсыратын оқушыларды тасымалдайды. Бір ай өз еңбек демалысынан бөлек уақытта ауданда оқушыларды экскурсияға апару және басқа да жұмыстарға тартылады.

Жұбайы Гүлмирамен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұл-қызы есейіп, екеуі отау құрған.

Бетті әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Песчан ауылы, Тереңкөл ауданы.