Тілсіз жаудың алдын алады

Мам 29, 2025

Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында «Ауыл құтқарушылары» атты жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Өрт сөндіру бекеті 1 700-ге жуық адам тұратын Мүткенов, Әбжан мен Приреченское ауылдарына да қызмет көрсетеді.

Жоба ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бастамасымен Қазақстан ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ол шалғайдағы елді мекендерде өрттен қорғаудың тұрақты жүйесін құруға бағытталған. Сонымен қатар, өрт сөндіру бекеттері жергілікті атқарушы органдардың теңгерімінде екенін атап өту маңызды. Бұл оларды ұстау мен дамыту мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына ҚР ТЖ вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов, облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов және өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы қатысты.

Бекет жұмысқа қажетті мамандандырылған өрт автоцистернасы, өрт-техникалық жабдықтар жиынтығы, байланыс құралдары және жауынгерлік киім-кешекпен жабдықталған. Техника мен қажетті жарақты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берді. Бұл іске қоғам белсенділері де өз үлестерін қосып, еріктілерге өтімділігі жоғары «Орал» вахтовкасы мен соқасы бар «Беларусь» тракторын табыс етті. Техника қысқы кезеңде пайдаланылатын болғандықтан жылы боксқа орналастырылды.

— Бүгінде Павлодар облысында 75 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Министр Шыңғыс Әріновтің бастамасының арқасында ерікті құрылымдар ден қою жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл — жай ғана техника мен ғимараттар емес. Бұл — адамдардың қауіпсіз-дігіне және ауылдағы тұрақты өртке қарсы инфрақұрылымға нақты үлес, — деп атап өтті Рамиль Камалов.

Бағдарлама  кеңейтіліп, жергілікті жерде өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін нығайта отырып, көптеген елді мекендерді қамтитын болады.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.