Шаруалардың жайы қалай?

Мам 29, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байхановтың аудандардағы іссапары жалғасуда. Өткен бейсенбі күні аймақ басшысы Успен және Шарбақты аудандарын аралап, көктемгі егіс науқанымен және әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, қос ауданның кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайлы есептер тыңдап, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. 

Алдымен  облыс әкімі Успен ауданының фермерлерімен кез-десу өткізді. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің ақпаратына сүйенсек, биыл аудан бойынша жалпы егіс алқабы 251,8 мың гектарды құрап отыр.

— Оның 139 мың гектары астық дақылдарына арналған. Биыл астық дақылдарын әртараптандыру шеңберінде егіс алқабын 5,8 пайызға төмендетіп отырмыз. Оның ішіндегі әлеуметтік маңызы бар қарақұмық алқабын өткен жылғыдай 28 гектармен қалдырдық. Ал майлы дақылдар 82,7 мың гектарды құрайды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға ұлғайды. Өткен жылғы суландыру алқабы бойынша жүргізілген инвестициялық жобалар бойынша картоп егетін жер 500 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға мол. Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу мақса-тында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2,2 млрд теңге несие берілген. Олар «Ажболат» кредиттік серіктестігі арқылы 1,2 млрд теңге, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 455 млн теңге, Аграрлық несие корпорациясы арқылы 287 млн теңге алды, — деді Нұрболат Абылайханұлы.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан шаруалары үшін 9,4 мың тонна минералды тыңайт-қыштар алынды. Негізі жоспар бойынша 17 мың тонна белгіленген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен 3260 тонна жанармай бөлінді. Бүгінде оның 91 пайызына өтініш беріліп, 79 пайызының қаражаты төленді. Егіс науқаны аяқталғанша толық жеткізіледі деді аудан басшысы. Жалпы, аграрлық секторға тиесілі техникалардың жыл сайын бес-алты пайызы жаңартылып отырады. Биыл «Галицкое» шаруашылығының картоп алқабы ұлғайған. Сонымен қатар, тағы екі жобаны қаржылан-дыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы, ауданда егіс науқаны аяқталуға жақын екенін атап өтті аудан басшысы.

— Менің тапсырмама сәйкес, егістікте дақылдарды теңестіру жұмысы жүргізілгені белгілі.
Бұл – дәнді дақылдардан майлы дақылдарға көшіп, көкөністердің үлесін арттыру. Өздеріңіз білетіндей, шаруашылықтардың дәнді дақылдардан көретін пайдасы жылдан-жылға азайып келеді. Бірінші себебі — бағасы төмен болса, екінші себебі — бәсекелестік нарықта дәнді дақылдарды өндіретін компаниялар көбейіп келеді. Ал майлы дақылдарға келер болсақ, жылдан-жылға бағасы өсіп келеді. Соған сәйке көлемі де шамамен 10 пайызға ұлғайған екен, бұл жаман көрсеткіш емес. Жоспар бойынша әлі де көбейту керек. Қазіргі күні сіздерде майлы дақылдар 40 пайызды, дәнді дақылдар 60 пайызды құрайды. Алдағы уақытта осыны теңестіріп, елу де елу болдыру керек. Бұл Успен ауданы үшін өте маңызды, — деді Асайын Қуандықұлы.

Сапар барысында облыс әкімі «Ч.К.У.» фермерлік шаруашылы-ғына ат басын бұрып, бидай және күнбағыс алқаптарындағы қауырт жұмысқа назар аударды. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған ауыл шаруашылығы техникаларымен танысты. Аталмыш кәсіпорын қазіргі заманға негізделген жаңа астық кептіргіш құрылғысын орнатқан және ағаш ұстасы цехы, жабық салмақ өлшеу цехы, ауыл шаруашылығы жабдықтарын қалпына келтіру шеберханасы жұмыс істейді. Техника паркі де тұрақты  жаңару жағдайында.

Аудандағы «Жалайыр» фермерлік қожалығының құрылғанына аз уақыт болса да, аяқалыстары жаман емес. Жас кәсіпкерлер аймақ басшысына өз кәсіптерін таныстырып, жоспарларымен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Шаруашылық шамамен 400 гектар жерді өңдеуде және биыл алғаш рет күнбағыс өсіруді қолға алған. Сондай-ақ, мұнда топырақтағы ылғалды сақтауға бағытталған авторлық агротехнологиялар қолданылуда. Облыс басшысы шағын фермерлік қожалықтарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел Үкіметі кәсіпкер-лікті дамытуды, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауды басты міндет етіп отыр. Аграрлық сектор экономика мен азық-түлік тәуелсіздігін нығайтудың негізгі кілті болып табылады. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өнімнің өзіндік құны төмендейді және азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ірі агроөнеркәсіптік кешендер туралы ғана емес, сонымен қатар сіздер сияқты шағын шаруашылықтарды да көрсету өте маңызды. Барлығы шағыннан басталады. Бүгінгі күні 700 мың гектар жерді өңдеп отырғандар да кезінде осылай бастаған, — деп атап өтті Асайын Қуандықұлы.

Осыдан кейін аймақ басшысы аудан орталығындағы жаңа ашылған «ХлебКо» наубайханасы жұмысымен және жаңа бой көтеріп жатқан бассейн құрылысымен танысып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар, «Галицкое» ЖШС-не барып, өндіріс жұмысымен танысты. Жалпы, ауданда 2025 жылы 15 жоба қолға алынады деп жоспарланып, көбі қазір жүргізілу үстінде. Оның 6-ы — инфрақұрылымдық, 5-і — әлеуметтік, 4-і — абаттандыру жобалары.

Аймақ басшысы Шарбақты ауданына да барып, көктемгі егіс жұмыстарының ахуалымен танысты. Аудан әкім Сержан Иманқұловтың сөзінше, биыл ауданда 3 білім беру мекемесін, 1 мәдениет мекемесін және 3 көше жолын жөндеу  жоспарланған. Мұнда егіс алқабы биыл 213,2 мың гектарды құраған. Оның ішінде 137,6 мың гектарға дәнді дақылдар тұқымы себіледі. Шаруашылықтар маусымдық жұмысқа ауыл шаруашылығы техникасымен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Аудан басшысы өңірдегі әлеуметтік нысандар мен жолды жөндеу жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Биыл бірінші рет 1200 гектарға зығыр, 200 гектарға соя егілді. Егер жақсы өнім беріп, жасалған тәжірибеден сәтті шығатын болса шаруалар келесі жылы да жалғастыратын болады. Өткен жылы біраз жерге мақсары дақылы егілген болатын. Бірақ өнімнің аз алынуына байланысты биыл азайды. Жалпы, дәнді дақылдарды себу бойынша 90 пайыз жұмыс аяқталды. Қарақұмық және тары секілді дақылдар маусым айының басында  егіледі, — деді Сержан Иманқұлов.

Сапар барысында облыс әкімі аудандағы «Сосновское», «Жолнеркевич», «Антошка» шаруа қожалықтарына ат басын бұрып, жаңа жобаларымен танысты. Соның ішінде астық дақылдарын өңдейтін «Жолнеркевич» жеке кәсіпкерлігінің цехында дайындалатын өнімдерге айрықша назар аударып, кәсіпкердің өнімін өткізу жөнінде қолдауды тапсырды. Бұл компания 2012 жылдан бастап жергілікті ауыл шаруа-шылығы өндірушілерінің өнімдерін өңдеумен айналысып келеді. Мұнда «Царская каша» брендімен тары жармасы, арпа жармасы, қарақұмық жармасы, бидай жармасы, бұршақ жармасы шығарылады. Өнімдер ішкі нарықта ғана емес, ТМД және Еуропа елдеріне де сатылады.

— Кәсіпорынның жобалық қуаты — тәулігіне 7 тонна тары, 2 тонна арпа, 10 тонна бидай және басқа да өнімдер нарықтық сұранысқа қажетті мөлшерде өндіріледі. Цехта 40 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, тәулігіне 30 тоннаға дейін сұлы өңдейтін жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жобаға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы неисе алынады. Бұл жергілікті өнімнің түрлерін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деді компания өкілі Виталий Кучеренко.

Әкім құзырлы мекеме өкілдеріне аталған кәсіпорын өнімдерін мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізу мүмкіндігін пысықтауды және тұрақтандыру қорына алу мәселесін қарауды тапсырды.

— Кейде мектептер мен бала-бақшалардың басқа аймақтардан, тіпті өзге елдерден жарма алатынын көреміз. Ал бірақ өзіміздің сапалы өндірісіміз бар. Сондай-ақ, жақын арада ассортиментке сұлы қосылады. Бұл — пайдалы әрі сұранысқа ие өнім. Біз өзіміз де осындай тағаммен өскенбіз, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс басшысы Шарбақтыдағы жұмыс сапары барысында аймақ-тағы бірегей туристік нысан болып саналатын Маралды көліне барып, демалыс маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Көл жаға-сында демалушыларға арналған инфрақұрылымдар тартылып, киіз үйлер құрылып жатыр. Жалпы, Маралды көліне жыл сайын 46 мыңнан астам адам келеді екен.

— Өздеріңіз білесіздер, бізде бар-жоғы екі ай ғана жаз болады. Осы аз уақытты халық барынша көңілді әрі пайдалы өткізуі керек. Сондықтан, туристік жағдайды барынша жақсартып, қолайлы орта қалыптастыру — бүгінгі күннің басты міндеті. Халыққа демалатын жақсы орын керек. Осы тұста, Маралды демалыс аймағын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Яғни, Баянауыл ауданы Сабындыкөлдің жағалауын абаттандырған компания өкілдерімен ақылдаса отырып, жоба-жоспарын жасауды ұсынамын. Ал қаражат мәселесін содан кейнгі кезекте қарастыратын боламыз, — деді облыс әкмі.

Қос ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістермен, аграрлық сектордың мүмкіндіктерімен толық танысқан аймақ басшысы жұмысты одан әрі сапалы жалғастыруды тапсырды.

Тілеуберді САХАБА,

Успен, Шарбақты аудандары.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.