Тұралап қалған жобалар бар

Мау 5, 2025

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы бері өңіріміздегі 119 елді мекенде әлеуметтік нысандар салынып, жөнделіп, жолдарға асфальт төселіп, жарық шамдары қойылды. Нәтижесінде 164 мың тұрғынның өмір сүруіне жайлы жағдай жасалды. Алайда, ақсап жатқан тұстар да бар. Атап айтқанда, былтырғы алты жоба әлі күнге дейін аяқталмаған.

Аталмыш мемлекеттік бағдарлама ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсартып, оларға қолайлы жағдай қарастыруды көздейді. Биыл 28,5 мың адам тұратын 22 ауылда іргелі істер атқарылмақ. Бұл мақсатқа 9,7 млрд теңге бағытталып отыр. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук аппараттық жиын барысында атап өткендей, бұл қаржыға 6 дене шынықтыру–сауықтыру кешені, екі бассейн, екі мәдениет мекемесі салынып, үш ауылда жарық желілері тартылмақ. Сондай-ақ, 10 білім, 4 мәдениет мекемесі жөнделіп, жарықпен қамтуға қатысты бір жоба жүзеге асырылады. Жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын ауыл көшелерінің жөнделуі де бар.

— Бүгінде бір жоба аяқталды. Ол — Шарбақты ауданы Алексеевка ауылындағы шағын орталықтың жөндеуі. Тағы 35 жоба бойынша тиісті жұмыстар басталып, сол арқылы 49 жұмыс орны құрылды. Ал 9 жоба әлі қолға алынған жоқ. Олардың қатарында Май ауданы Баскөл ауылы мен Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ елді мекенінде жарық желілерін салу мен жөндеу, Ақтоғай, Железин, Ертіс, Успен, Тереңкөл аудандарына қарасты ауылдардағы жолдарды орташа жөндеуден өткізуге қатысты жобалар бар, — деді И.Назарчук.

Бұл ретте бұған дейінгі жылдарда басталған кей жобалардың өзі әлі күнге дейін аяқталмағанын да атап өту керек. Ақсу қаласына қарасты алты бірдей ауылда, Павлодар ауданындағы Кемеңгер ауылы мен Аққулы ауданындағы Қарақалада дене шынықтыру–сауықтыру кешендері, Павлодар ауданындағы Заңғар ауылында шағын орталыққа қосымша ғимарат, Павлодар ауылында электрмен қамту станциясы пайдалануға берілген жоқ. Осы жайттардан аудан-қала әкімдері сабақ алып, биылғы жобалардың барысын қатаң қадағалауы қажет.

— Бюджеттік комиссия алдына жобаларды қорғауға келген кезде «Қаржының барлығын уақытылы игереміз» деп, өздеріңізге міндет аласыздар. Бірақ кей кезде сол міндет орындалмайды. Алдағы уақытта жобаларға қаржы алған әкімдіктер сол соманы игеріп, мақсатты түрде жұмсай алмаса, облыстық бюджеттен бөлінетін инвестицияны қысқартамыз. Қомақты қаражатты тиімді пайдалана алмайтын әкімдіктерден алып, басқа аудан-қалаларға бергеніміз дұрыс болар, — деп қатаң ескертті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, 2026 жылға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, инфрақұрылымдық өзгерістерге мұқтаж қалған елді мекендерді қамту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Айта кетейік, алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 23 мың адам тұратын 72 елді мекенді қамту міндеті тұр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.