Бос уақытты пайдалы өткізбек

Мау 5, 2025

Успен ауданы жазғы кезеңде бос уақытын тиімді пайдалануды жоспарлауда. Ауыл тұрғындарының үлкені мен кішісі демалысқа шығатын маусымда бірқатар сауықтыру, жұмыспен қамту жобалары қарастырылған.

Аудан бойынша 19 жалпы білім беру мектебі бар. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары арасындағы 1613 оқушы сауықтыру мен жұмыспен қамту түрлеріне араласады. Сондай-ақ, оқу жылы енді аяқталған уақытта жазғы лагерьлер де іске қосылады. Оған қоса, 375 оқушы қатысатын 15 бейіндік алаң өткізу жоспарда бар. Ал 10-сыныпты тәмамдаған оқушылар «Жасыл ел» бригадасына қосылып, еңбек етеді. Тұрмысы нашар және есепте тұрған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар жаз уақытында бос уақыттары 100 пайыз қамтылып, жан-жақты көмек көрсетіледі.

– «Жаздық жолдама – 2025» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры оқу озаттары, бірнеше байқаудың қанжығасын байлаған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қолдау мақсатында 5-8 сынып қатарындағы 40 оқушыға жолдама беру жоспарланған. Одан бөлек, биыл лагерь тәрбиеленушілеріне патриоттық, спорттық, этно-мәдени және тарихи-өлкетану, зияткерлік бағыттағы жобалар жүргізуді көздеп отырмыз, – дейді Успен ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсел Бижанова.

Аудандық ойын-сауық қызметі жазғы демалыс қарсаңында қауіпсіздік шараларын өткізді. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді су және өрт қауіпсіздігі ережелері мен жол-көлік оқиғаларын алдын алу шараларымен таныстырды.

Салтанат ҒАББАС.