Белсенділері марапат алды

Мау 5, 2025

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы аймақтың үздік бастауыш партия ұйымдарының басын қосты. Белсенділерінің жұмысы оң бағасын алып, үздіктер марапатталды.

Бұл шараға өңіріміздің 22 бастауыш партия ұйымы шақырылыпты. Олар биыл Жұмысшы мамандықтар жылына орай партия республикалық деңгейде ұйымдастырған «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауына қатысқан. Жеңімпаздар қатарында облысымыздан «Крендель» ЖШС бастауыш партия ұйымы бар. Бұл ұйым «AMANAT» партиясы төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды.

Салтанатты жиында байқауға қатысқан, партиялық жобаларда белсенділік танытқан бастауыш партия ұйымдарына құрмет көрсетілді.

— Бастамашылдығымен, адалдығымен, жауапкершілігімен көзге түскен азаматтарды әрдайым құрмет тұтамыз. Өйткені, олар — партия мен халық арасында көпір бола білген бастауыш ұйымдарының тірегі. Байқауға қатысушылар мен жеңімпаздар қоғамдық істе белсенді. Олардың еңбегі зор құрметке лайық. Жалпы, байқау бастауыш партия ұйымдарының өңірдің қоғамдық-саяси өміріне үлесін бағалауды мақсат етті. Бағалау барысында түрлі іс-шараларға қатысуы, депутаттармен қарым-қатынасы, сайлауалды бағдарламаны насихаттауы, партия жұмысына жаңашылдықтар енгізуі ескерілді, — деді «AMANAT» партиясының облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова.

Айта кетейік, республикалық байқау бірнеше кезеңмен өткен. Мұнда бастауыш ұйымның жұмысты ұйымдастыруы, әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы белсенділігі, партиялық жобаларға қатысуы туралы материалдар дайындау қажет облған. Ұйымның негізгі жұмысын көрсететін 1 минуттық бейнеролик әзірлеу де байқау талабы болған.

Облыстық филиалда байқауға қатысушылар арасынан бастауыш партия ұйымы құрамындағы үздіктер анықталды. Оларға бағалы сыйлықтар, ақшалай сыйақылар табысталды. Үздіктер қатарынан табылғандардың бірі – Екібастұздағы Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясының бастауыш партия ұйымы. Ұйымның төрағасы, кәсіпорынның өндірістік-техникалық басқармасының басшысы Серік Серьянов партияластарымен атқарып жүрген негізгі жұмыстарымен бөлісті.

— Біздің ұйым «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» партиялық жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысады. Кері нысаналы трансферлер бағдарламасына сай 2022 жылдан бері көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және өмірдің қиын жағдайына тап болған әріптестерімізге көмек көрсетіп келеміз, — дейді Серік Бейсенұлы.

Байқау қатысушылар республикалық кезең алдында оқытылып, тренингтен өткен. Бұл оларға ұйымдастырушылық жұмысты жақсартуға септігін тигізген.

Сондай-ақ, шарада партия қатарына 50-ден астам азамат қабылданды. Олар облыстың түрлі ұйымдарында еңбек етеді. Жалпы, облыста 48 мыңнан астам партия мүшесі, 215 бастауыш партия ұйымы бар. Олардың 17-сі – өңіріміздің ірі кәсіпорындарында.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.