Кеше облыс орталығындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, қоғам белсенділері мен қайраткерлері қатысты.
Сондай-ақ, №5512, 6679 әскери бөлімшелерінің сарбаздары, жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жиналды. Алдымен Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараның дайындығы туралы аймақ басшысына рапорт берді. Кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. Іс-шара соңында аймақтық әскери бөлімшелер облыс әкімі мен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.
Айта кетейік, ұлтты ұйыстырған ұлттық мереке күні бірлігіміздің белгісі – көк байрағымызды көтеруге арналған дәл осындай патриоттық акция мен шаралар облысымыздың барлық қала мен ауданында ұйымдастырылды.
Бақытжамал МАКСИЛОВА, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Көк туымыздың желбіреуі – халықтың бірлігі мен тұтастығының белгісі, ал еліміздің болашағының жарқын болуы әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.