Жарық желілері тартылуда

Мау 5, 2025

Екібастұзда қала ішіндегі аула, орамішілік және көшелерді жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда жүйелі жарықтандыруды дамытуға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, екі жыл бұрын қалада жүйелі аулаішілік жарықтандыру ұғымы іс жүзінде мүлде болмаған. Осы олқылықтарды жою және тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында тиісті техникалық құжаттамалар әзірленіп, жұмыстар басталған.

Жоба аясында 279 аула, 50-ден астам орамішілік аумақ және қаланың
68 көшесі жарықтандырылуы тиіс. Қазіргі уақытта 150-ге жуық аула, 40-қа жуық көше және 40-тан астам ішкі учаскеге жарық жүйелері орнатылған.

Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін толық аяқталуы жоспарлануда.

 Әдемі КӘУКЕН.