Су сорғыш құрылғылары жаңарды

Мау 12, 2025

Биыл «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің Оңтүстік су қабылдағыш станциясын жаңғырту жұмыстары аяқталып, екі бірдей су сорғыш агрегаты ауыстырылды. Кеше облыс әкімі Асайын Байханов облыс орталығын сумен қамтамасыз ету нысанына барып, модернизациядан кейінгі жағдайымен танысты.

Естеріңізде болса, өткен жылы «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің қарамағындағы су беру станцияларының бірінде апат болып, қаланы сумен қамтуда айтарлықтай мәселе туындаған болатын. Содан кейін апат туындаған нысанды қайта жаңғырту бағдарламасына енгізіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Станцияны жаңғырту және қайта қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізілгенін Оңтүстік су қабылдағыш станциясының цех бастығы Александр Скороходов таныстырып, алдағы уақытта мұндай апаттар қайталанбайтынына сенім білдірді.

— Биыл екі су сорғыш  агрегатын ауыстырып, ескі агрегаттардың орнына шетелдік құрылғыларды орнаттық. Жаңа су сорғыш құрылғыларының күші бұрынғылардан бір жарым немесе екі есеге дейін жоғары. Сонымен қатар, сол насостардың электр жабдықтарын да жаңғырттық. Атап айтар болсақ, 1800 кВт электр қозғалтқыштарымен, басқару шкафтарымен және басқару жүйесімен бірге сатып алынып, орнатылды.  Қазір басқару планшеті арқылы қозғалтқыштардың барлық жұмысы бақыланады. Егер, электрмен жабдықтауда қандай да бір мәселе туындаса, біз басқа желіге ауысып, жұмысты жалғастырамыз. Сондықтан енді мұндай апаттар орын алмайды деп сенеміз, — деді Александр Иванович.

Аталған инвестициялық жоба «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің қаржыландыруымен жүргізіліп,
1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған.

— Былтыр 21 маусымда «Павлодар-Водоканал» кәсіпорны құбыр желісінде техникалық апат тіркелген болатын. Сол себепті су арнасының басшылығы бірқатар міндеттерді мойындарына алған еді. Бүгін соның оң нәтижесін көріп отырмыз. Бәрі ойдағыдай орындалып, су сорғыш жабдықтары толық жаңартылды. Яғни, өткен жылғы мәселелерді шешу мақстындағы жұмыстар толық аяқталып, жаңа екі сорғыш орнатылып, басқа да керекті құбырлар ауыстырылды. Сонымен қатар, электронды жүйесі жаңартылды. Сондықтан, Павлодар қаласын сумен қамту мәсеселі толығымен шешілді деуге болады, — деді Асайын Қуандықұлы

Облыс әкімі осыдан кейін Павлодар қаласының дәл ортасында, қалалық саябақта салынып жатқан Аквапарк құрылыс нысанына барып, бүгінгі жай-күйімен танысты. Жоба инвесторы саналатын «HAGI-Павлодар» ЖШС бас директорының орынбасары Валерий Илаев атап өткендей, нысан 2026 жылдың қыркүйек айына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Жобалаушылардың айтуынша, мұнда заманауи үлгідегі интерьермен жабдықталған аквапарк іске қосылып, қала сәнін келтірмек. Аквапарк сағатына 400 бала, ал күніне 4 мыңға дейін келушілерді қабылдап, қызмет көрсете алады.

— Бұл нысан – негізі Павлодар қаласы тұрғындары үшін ең жайлы әрі қолайлы демалыс аймағы болатын жобалардың бірі.  Өкінішке қарай, құрылыс жобасы 2017 жылдан бері шешімін таппай тұрған еді. Басты мәселе автомобиль қоятын орындардың дұрыс шешілмеуі болатын. Енді аталған мәселеде бір шешімге келдік. Келісім бойынша, нысан аумағына бірнеше қабатты автотұрақ салынатын болды. Автотұрақ құрылысы осы жылдың қазан айында басталып, келесі жылдың наурыз-сәуір айларында аяқталады, — деді аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы.

Осы күні облыс әкімі Асайын Байханов облыстық ТЖ департаментіне барып, жаңа іске қосылған заманауи оқу-жаттығу кешенінің жұмысымен танысты. Бұл кешен  «Жылу түтін камерасы» деп аталады. Яғни, авариялық-құтқару қызметтерінің, өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің қызметкерлерін арнайы және қайта даярлаудан өткізіп, олардың біліктілігін арттыруға арналған. Нысанның құрылысымен «СитиСтрой-2030» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысқан. Компанияның техникалық директоры Асхат Жалимбетовтің сөзінше, аталмыш кешен Қазақстан бойынша 20-шы болып табылады.

— Қазіргі заманғы мобильді кешен жоғары температура жағдайында өрт сөндірушілерді оқытуға мүмкіндік береді. Мұнда арнайы жабдықтар мен құрылғылар орнатылған бірнеше жаттығу аймағы бар. Сондай-ақ, жарық пен дыбыс әсерлері кезінде әртүрлі кедергілерді еңсеруге арналған лабиринт жүйесі бар. Жаттығу кезінде бөлмедегі температураны +60 гра-дусқа дейін арттыруға болады. Мұндай сабақтар өрт сөндірушілердің кәсіби деңгейін едәуір арттырады, бұл оларға төтенше жағдайларда жедел және тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұған дейінгі жаттығу жұмыстары 1991 жылы салынған жылу камерасында жүргізіліп келген. Түтін әсері қатты отынның көмегімен жасалған, — деді Асхат Жалимбетов.

Павлодар облысы ТЖД бастығы, полковник Рүстембек Амриннің айтуынша, облыс бюджеті есебінен өрт сөндіру бекеттері бірқатар жаңа техникамен және құрал-жабдықтармен толыққан. Оның ішінде арнайы автокөліктер мен өрт сөндіру құрылғылары бар. Кезедсу барысында аймақ басшысы ТЖД ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін де көтерді. Бұл ретте алдымен республикалық бюджетке өтінім беріледі. Егер ол жақтан шешім болмаса, келесі жылы жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетінін атап өтті.

Тілеуберді САХАБА.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.