Жөндеуден кейін де жұмыс бар

Мау 12, 2025

Көп жағдайда аудан-қалаларда мердігерлер жөндеу жұмыста-рынан кейін аумақты абаттандыруға немқұрайлы қарап жатады. Мұндайда жергілікті билік тарапынан қатаң бақылау қажет.

Мұндай мәселе Екібастұз қаласында да бар. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекеме өкілдерімен бірге жөндеу жұмыстары жүргізілген аумақтарға барып, жағдайды тексерді. Кейбір учаскелердегі жұмыстарды сынға алды.

— Құрылыс және жөндеу жұмыстарынан кейін қалпына келтіру ісінің сапасыз атқарылатынын жиі байқаймыз. Бұған жол беруге болмайды. Құрылыс және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық бөлімдері барлығын бақылауы тиіс. Қаланың тазалығына немқұрайлы қарайтын, шаһар тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудыратын монополистер, мердігер компаниялар, кей тұрғындардың өздерін әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, — деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, Аян Уахитұлы Ә.Молдағұлова көшесіндегі екі шақырымнан астам жолды асфальттау басталғанын атап өтті. Осыдан 2 жыл бұрын мұнда жерасты су құбырын жаңғыртудан өткен еді. Кейін жердің орнығуы үшін уақыт қажет болды. Ал бүгінде мердігер тротуарды реттеуге кірісті. Оларға маусым айының соңына дейін жұмысты сапалы орындап, асфальттау кезінде жеке үйлердің барлық кіреберісін ескеру міндеті қойылды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.