Айгүл Бекбергенова — 2022 жылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауында ауылдастары тарапынан қолдау тауып, әкім атанған жандардың бірі. Ол бүгінде Ақсу қаласына қарасты Достық ауылдық округін басқарады.
Әкім болудың жауапкершілік жүгі де ауыр екенін жақсы біледі. Сондықтан, әр күнін өзіне сеніп тапсырған аумақты алға бастыруға арнайды.
— Таңнан тұра сала Достық ауылындағы ахуалды бір шолып шығамын. Жұмысқа дейін жаяу жүріп, айналадағы жағдайды қараймын. Құлап қалған баған немесе үзіліп қалған сым болса, бірден оны реттеудің қамын ойластырамыз. Сегіз жарымда әкімдікте лездеме өткізіп, күніміздің негізгі жоспарын түзіп аламыз. Кіріс-шығыс хаттармен алмасумен күнделікті тірлігіміз жалғаса береді, — дейді ауыл әкімі Айгүл Сақболатқызы.
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау, арасында салынып жатқан нысандардың құрылыс алаңын аралап, жай-жапсарымен танысады. Осылайша, тынымсыз тірлік үздіксіз жалғасын табады. Достық ауылдық округіне Береке, Пограничник, Спутник, Төртқұдық, Тасқұдық, кіші Парамоновка деген ірілі-ұсақты елді мекендер кіреді. Сондықтан ауылдар арасында жиі қатынап, ахуалдарынан хабардар болып отыруды естен шығармайды. Аталмыш ауылдарда жалпы 3500 адам тұрады.
Кешқұрым көшелерді аралауды да әдетке айналдырған. Мұндағы мақсаты —
жарықшамдардың жайын білу. Жанып кеткенін ауыстыруға мән береді. Бұл жұмыстардың бәрі ауылдықтардың жайлы өмірі үшін жасалатынын айтады.
Айгүл Сақболатқызы 2008 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіреді. Ал мемлекеттік қызметке 2010 жылы өзінің туған ауылы Достық әкімдігінің бас маманы болып келеді. Кейін өзге де қызметтер атқарады. Көп жыл Ақсу қалалық әкімдігінде қаржы бөлімінде еңбек етті. 2022 жылы әкімдер сайлауына түсіп, жерлестерінің қолдауына ие болады.
— Әкім етіп сайлаған соң тұрғындардың сенімін ақтау – басты мақсатым. Тұрғындардың мүдделерін қорғап, сеніммен басқаруыма табысталған аумақты көркейтуге күш салып келемін. Заң аясында дер кезінде шешім қабылдау, әр іске мұқият қарау – жауапкершілігімде. Әкім үшін халықпен тіл табыса білу аса қажет. Әлбетте, әрбір іс ақылдасу, кеңесу нәтижесінде шешімін табады. Барынша ашық болуға тырысамын, — дейді ол.
Елімізде ауылдардың дербес бюджетін қалыптастыру қолға алынғанын білесіздер. Достық ауылдық округіне көлік, жер, мүлік салықтарынан жылына шамамен 10 млн теңге түсетін көрінеді. Айгүл Сақболатқызы бұл қаражат жергілікті қауымдастықпен бірлесіп, ақылдасып, ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталатынын айтады. Кейде көше жарығына қосалқы тірек орнату, балалар алаңын орнату сынды жұмыстарды атқаруға жұмсалады. Әйтеуір, шашпай-төкпей азын-аулақ ақшаны игілікке жаратамыз, дейді әкім.
Ертеректе әкімдік қызмет тізгінінде көбінде ер азаматтар болатын. Бүгінде әйелдер де басқарушылық міндетті мінсіз атқаруда. Соның айқын дәлелі –
біздің кейіпкеріміз. Үй шаруа-сымен бірге жауапкершілігі көп мемлектетік қызметті қатар алып келеді.
— Ең бастысы – дұрыс жоспарлау. Ісін, күнін тыңғылықты жоспарлай алған адам бәріне үлгереді. Бүгін бітірер істі ертеңге қалдырмағандар да ұтады. Яғни, уақытында әрбір ісін түйіндеп, іске асырып отырса, нәтижесі де жақсы болады. Үлкен істер атқаруға шамасы жетеді. Бұл — менің негізгі ұстанымдарымның бірі. Қызметімді де атқаруға үлгеремін. Отбасыма да көңіл бөлуге уақыт табамын, —
дейді А.Бекбергенова.
Ауыл әкімі әр елді мекеннің қажеттілігін, тұрғындардың талап-тілегін жақсы біледі. Мәселен, Береке ауылының көшелеріне әлі толық асфальт төселген жоқ. Биыл бірнеше көшесі қамтылса, келесі жылға тағы өтінім беруді көздеп отыр. Мұндай жұмыстардың бәрі қазынадан бөлінетін қаражатқа байланысты екенін де түсінеді. Десе де, өтінім жіберіп, тұрғындардың бұйымтайын жоғары жаққа жеткізуден жалықпайды. Береке ауылына балабақша аса қажет. Өйткені, бала саны жыл санап артып келеді. Балалар алаңдарын көбейту де көзделуде.
Бүгінгі әкімдер заман көшінен қалмай, халыққа әлеуметтік желі арқылы да байланыста болу керектігін Айгүл Бекбергенова жақсы біледі. Оны да меңгеріп алған. Кәсіби тұрғыдан білімін жетілдіруге де мән береді. Атқарған ісі арқылы елдің алғысын алуды, барынша қарапайым әрі кішіпейіл болуды ұстанатын ауыл әкімі сенім үдесінен шығу жолында аянып қалмақ емес.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Ақсу қаласы.