Ғасыр жүгін арқалаған архив

Там 7, 2025

Архив – үнсіз шежіре. Ол «сөйлемейді», бірақ керек кезде дерегімен дәлел келтіріп, естелігімен елдің өткені мен бүгінін жалғайды. Бір қарағанда, архив қоймасы  жай ғана құжаттарға толы сөрелер секілді. Ал шын мәнінде, әр парақтың бетінде тағдыр, әр мөрдің артында тарих бары сөзсіз. Сол тарихты көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аман жеткізіп келе жатқан мекеме –
облыстық мемлекеттік архив. Биыл мекеме 100 жылдығын атап өтуде.

Мұрағат ісінің даму жолы

Павлодар өңірінің архивтік қызметі 1925 жылдың 30 шілдесінен бастап жұмысын бастады. Бұған дейін уездік, қалалық және облыстық мекемелердің құжаттары Семей губерниялық архивтік бюросына сақтауға тапсырылған. Осы күні жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутаттары Кеңесінің Павлодар уездік атқарушы комитеті президиумының қаулысымен Павлодар уездік атқарушы комитетінің штатына архивариус лауазымы енгізілді. 1938 жылдың 15 қаңтарында Павлодар облысы құрылды. Сол жылдың мамыр айында Павлодар аудандық атқару комитетінің архивтік бюро негізінде облыс бойынша және облыстық мемлекеттік архиві құрылды.

1990 жылдарда мұрағат қызметі көптеген қиындыққа тап болды. Шаруашылық есептегі аудандық мұрағаттар пайда болды. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты олардың мазмұны аудандық бюджетке байланысты қарапайым аудандық мұрағатқа айналды. Осыған байланысты Павлодар ауданының мұрағаты зардап шегіп, 28 жылдан кейін ғана қалпына келтірілді. Ереже сол кездегі облыс әкімінің архивтерді өңірлік қаржыландыруға көшіру туралы шешімінен кейін тұрақталды.

Сол кездегі облыстың мұрағат қызметінің басшылығы – Вера Болтина мен Людмила Шевелеваның күш-жігерінің арқасында Павлодар қалалық мұрағаты жеке құрам бойынша құрылды. 1998 жылы мұрағаттарда сақталған құжаттар заң қабылданғаннан кейін ұлттық мәртебеге ие болды. Осылайша мұрағатқа тарихи ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік функцияда бекітілді.

Павлодар облысының мемлекеттік мұрағатының құрылымына 12 аудандық филиалдар, сонымен қатар Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы мұрағат бөлімдері кіреді.

Мұрағат қорында облыстың өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруашылықтары, мемлекеттік билік және басқару органдарының қорларындағы құжаттар, ХХ ғасырдың екінші жартысында облыстағы экономиканың дамуы, өнеркәсіптің қалыптасуы және дамуы туралы ақпарат қамтылған. Аймақтың мәдениет және өнер, білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру мен спорт мекемелері туралы да қор құжаттарында сақталған.

Облыстық мемлекеттік архивінің архивтік қорына, сондай-ақ Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, еңбек ардагерлері, азаматтық және Ұлы Отан соғысының, 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасы, Ауған соғысының қатысушылары, Ауған Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің бөлімшелерінде қызмет еткендер, 1930-1940 жылдардағы, 1950 жылдың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар, еңбекшілердің және т.б. жеке текті құжаттары кіреді.

Бүгінде облыстық мұрағат мекемелерінде 4 603 мұрағат қоры бар.  Оның ішінде 1 млн
360 мың 603 құжат енген. Оның 3 711-і мұрағат қоры облыстық мұрағатта сақтаулы. Яғни, 1 млн 84 мың 785 құжат сақталған. Оның 8285-і фотоқұжат, 360-ы киноқұжат, 214-і бейне, 266-сы аудиоқұжат. Бүгінде облыстық архив пен оның құрамындағы бөлімшелерде 118 адам табанды еңбек етеді.

2025 жылдың 1 шілде-сінде облыстың мұрағат мекемелерімен 16 773 мемле-кеттік қызмет көрсетілсе, оның 9 544-і облыстың мемлекеттік мұрағатымен көрсетілген. Осы жылдың 1 тамызына дейінгі дерекке сүйенсек, облыстық архивке 68 зерттеуші келіп, зерттеу жұмыстарын
жүргізген.

Құнды құжаттар сақтаулы

Облыстық мұрағатта Сталин дәуі-ріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін, 30-40-ыншы жылдар мен 50-інші жылдардың басындағы негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың құжаттары мен істер топтамасы бар. Оның құнды бөлігін лагерь зындандарында тірі қалған, қуғын-сүргінге ұшырағандардың естеліктері, тұтқындардың хаттары, фотосуреттері, қайтыс болғаны туралы куәліктер дәлелдейді. Топтамаға саясат және қоғам қайраткері К.Бердалиннің, ғылыми-саяхатшы, Арктиканы зерттеуші Е.Гернеттің, Павлодар ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебінің оқытушысы С.Жүсіпбековтің, тарих ғылымының докторы, Вена университеті мен Қазақ реактивті қаруын құрастырушылардың бірі Г.Лангемактың, партия қызметкері М.Нұрпейісовтің, Үрлітүп ауданы «Заря» колхозының төрағасы О.Тінәлиев туралы мәлімет бар. Сонымен қатар, КСРО-да орын алған саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеумен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен тағзым ету, ағарту және құқық қорғау және қайырымдылық қоғамының (Мәскеу қаласы) бағалы мұрағаттық материалдарының  көшірмелерімен толықтырылды. Қуғын-сүргінге ұшыраған 6 216 павлодарлық  жөнінде аннотацияланған тізім, өмірлері Павлодар облысымен байланысты болған қуғын-сүргінге ұшыраған 56 азамат жайлы анкеталар, тұтқындау, тергеу, сот барысы, жазасын өтеу және босатылуы кезіндегі мәліметтер, туысқандарының естеліктері, мұрағаттық анықтамалар, хаттар, фотосуреттер, мақалалар және т.б. қамтылған құжаттар 30-40-ыншы жылдар мен 50-інші жылдардың басында негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың істері мен құжаттарының топтамасын толықтырып отыр.

Құжаттардың ірі кешені біздің жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері туралы куәлік етеді. Облыстық мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындардың мұрағаттық қорлары облыс еңбекшілерінің Ұлы Жеңіске тигізген зор үлесі туралы баяндайды. Жеке тектік құжаттардан Азамат және Ұлы Отан соғыстарына қатысқандардың естеліктер мен құжаттарының істер топтамасы, Кеңес Одағы батырларының, еңбек әскерлерінің құжаттары мен істерінің топтамалары құрастырылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Р.Аликовтың, С.Гончаровтың, З.Ереминаның, Х.Мусеновтің, Г.Путинцевтің, сондай-ақ тыл еңбеккерлері, соғыс жылдарында жоғары өнім алу астық топтарын құрудың бастамашысы А.Дацкованың, депортацияға ұшыраған поляктарды орналастырумен айналысқан А.Захарованың жеке тектік қорларында соғыс кезеңі туралы құнды мәліметтер баршылық.

ХХ ғасырдың ІІ жартысында облыс экономикасының дамуы жөнінде жергілікті билік және халық шаруашылығын басқару органдарының қорларында, сондай-ақ Павлодар облысының өнеркәсіп және ауылшаруашылық кәсіпорындары мен шаруашылықтары қорларында жинақталған құжаттар кең мағлұмат береді.

— Аталған құжаттардың арасынан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың құжатын атап өтуге болады. Осы құжатта 1920 жылдары Қаныш Имантайұлы Баянауыл ауданындағы №10 учаске сотында судья болып еңбек еткені туралы жазылады. Бұл құжатты біздің қызметкерлер Баянауыл аудандық сотының құжаттарына сараптама жүргізгенде тауып алған. Онда ғалымның өз қолымен жазған құжаттары, өмірбаяны және хаттары бар. Бір хатында осы округтік сотқа қазіргі уақытта оқуын жалғастыру керектігін, сондықтан жұмыстан босатпауын сұрайды, — дейді мұрағатшы
К.Есімханова.

Қазақстан Республикасының, жақын және алыс шетелдердің мұрағаттарынан анықталған Павлодар өңірі тарихы бойынша түпнұсқа құқығындағы құжаттар көшірмелерінің топтамасында Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан анықталған Тәуелсіздік кезеңінің ауқымды құжаттар  кешені бар. Алғашқы жалпы халықтық Президент сайлауы, жаңа Конституцияның жобасын жасауға жаңа мемлекеттік рәміздерді әзірлеу және бекіту, астананы көшіру және тағы да басқа жас топтамаға еніп
отыр.

Ерекше күтімді қажет етеді

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күннің өзекті мәселелердің бірі – құжаттарды сақтау жағдайы. Себебі, уақыт өте келе қағаз тозып, бояуы өшіп, кейде көгеру секілді биологиялық зақымдарға ұшырайды.

— Архивтік құжаттар арнайы температура мен ылғалдылық режимін сақтауды талап етеді. Сондай-ақ, жарық режимін де қатаң сақтау керек. Өйткені қағаздың «өмірі» осыған байланысты. Мәселен, белгілі бір құжаттармен жұмыс істеу барысында жұмыс үстелінде көп жатпайды. Себебі, құжаттар сақталатын қор мен жұмыс бөлмелеренің температуралары әртүрлі болады. Бүгінде осы тәртіпті қадағалайтын бөлім бар. Ал біздің ғылыми-ақпараттық қызмет бөлімі құжаттарды сақтау, пайдалану секілді жұмыстарды атқарады. Одан бөлек, біздің бөлімде көптеген зерттеуші жұмыс істейді. Мәселен, осы жылдың 1 тамызына дейін 68 зерттеуші 171 рет біздің мекемеде құжаттармен жұмыс істеген екен. Біз олардың еш кедергісіз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасаймыз, — дейді К.Есімханова.

Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының мұрағаттық құжаттары негізінде бірқатар құжаттық басылым жарық көрді. Одан бөлек, алғаш рет «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Павлодар облысы» атты мультимедиялық анықтамалық құралы дайындалды.

Жарты ғасырлық қызмет

Облыстық мемлекеттік архивінде көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қызметкерлердің бірі – Күләш Есімханова. Бүгінде осы салада қызмет етіп жүргеніне 42 жыл болыпты.

— Архив қызметіне 1983 жылдың наурыз айында орналастым. Негізі өзім Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында «Тарих» мамандығы бойынша білім алдым. Сол уақыттарда түрлі мекемеге тәжірибеден өту үшін баратынбыз. Солардың бірі осы шаһардағы мемлекеттік архив болды. Тәжірибе барысында осы салаға қызығушылық бірден туды. Дегенмен,
біраз жыл Шарбақты ауданындағы мектептердің бірінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқардым. Кейін Павлодар қаласына қоныс
аударған соң осы архив саласына келуді жөн санадым. Ол кезде Вера Болтина, Людмила Шевелева секілді архив саласының үздіктерінен тәжірибе алдым. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар — бір адамның емес, ұжымның еңбегі, —
дейді мұрағатшы.

Мекеме жөндеуден өтуде

Облыстық мемлекеттік архивтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында мекеменің Бектұров көшесі 62/1 ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар тарихи-мәдени маңызы зор нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заманауи талаптарға сәйкестендіруге
бағытталған.

— Бүгінге дейін архив қолданысқа тапсырылғалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл облыс басшылығының қолдауымен осындай игі жұмыстар атқарылып жатыр. Жөндеу жұмыстары аясында сыртқы фасадты жөндеу, абаттандыру, жылыту батареяларын ауыстыру, электр сымдарын және жарықтандыру лампаларын ауыстыру, сонымен қатар ішкі ақтау, едендер мен терезелерді және төбелерді ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталды. Бұйырса, қазан айында қолданысқа тапсырылады. Жөндеу басталмас бұрын барлық құжатты өзге мәдени мекемелерге көшірдік. Ауыстыру барысында еш құжат зардап шеккен жоқ, — деді облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Бақыт
Смақов.

Түйін:

Ғасырлық тарихты сақтаған архив – өткен мен болашақты жалғаушы алтын көпір. Уақыт салмағына сыр бермей, ұрпақ жадын жаңғыртып келе жатқан құнды мекеменің қызметі – ел руханиятының ажырамас бөлігі.

Айдана БОРАНБАЕВА.