24 тамызда облыстағы бірнеше ауылдық округте әкім сайлауы өтеді. Бүгінде үміткерлерді тіркеу жұмыстары аяқталды.
Ауыл әкімі атанудан барлығы 15 адам үміткер. Оның ішінде кандидаттардың 36,4 пайызы – әйелдер. 13 кандидат – жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде екеуі – ауыл әкімдері, бір бюджеттік саланың қызметкері және біреуі уақытша жұмыс істемейді. Үміткерлердің орташа жасы – 42. Ал ең жас канидадат – 27-де, ең үлкені – 56 жаста.
Жетекші әкімі атанудан үш адам үмітті. Олардың ішінде «AMANAT» партиясы ұсынған ауыл әкімшілігінің қазіргі басшысы Нұрлыбек Әбдірахманов бар. Тағы екі кандидат өзін-өзі ұсынып отыр. Бірі — облыс орталығы әкімі аппаратының бас инспекторы Ренат Құланбаев және Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Марат Қожахметов.
Аққулы ауданы Қарақала ауылдық округі әкімінің орнына бірнеше үміткер бар. Олардың екеуі осы ауылдың тұрғындары – 48 жастағы Нұржан Ағынов және 46 жастағы Жанар Асайынова. Үшінші кандидат – көрші Қазы ауылының тумасы Меруерт Қасымова.
«AMANAT» партиясы Железин ауданы Ертіс ауылдық округінің әкімі лауазымына 56 жастағы Серік Нұрмақановты ұсынды. Бұдан бөлек екі үміткер – 36 жастағы Қуаныш Байғыреев пен 39 жастағы Амангелді Болатов тіркелді.
Ертіс ауданы Голубовка ауылының тұрғындары үш үміткер – 50 жастағы Светлана Каменчук, 51 жастағы Анар Қоңырбаева және 41 жастағы Дмитрий Савиныхтың біреуін ауыл әкімі ретінде таңдауы керек. Бұл ретте Дмитрий Савиныхты «AMANAT» партиясы ұсынып отыр. Павлодар ауданы Ольгинка ауылының әкімі болудан 35 жастағы Дәурен Ермек, 51 жастағы Ермек Татенов және 27 жастағы Айдархан Қабылбеков үмітті.
Ауылдық округтер әкімі атанатын азаматтарды жергілікті тұрғындар 10 күннен соң анықтайтын болады.
С.УВАИСОВА.