Тың идея. Жаңа серпін. Болашаққа бағдар

Там 14, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар қаласының Орталық жағалауында Жұмысшы мамандықтар жылы мен халықаралық жастар күніне арналған ауқымды шаралар легі түйінделді. Шаралар аясында атаулы көрмелер, шеберлік сағаттары және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Алдымен жағалаудың жоғарғы бөлігінде жұмысшы мамандықтардан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Көрмеде 30-ға жуық жергілікті кәсіпорын, орта және жоғары оқу орнының өкілдері техникалық және өндірістік салалардағы мүмкіндіктерін, заманауи технологияларын және оқыту бағдарламаларын таныстырды. Ал қатысушылар аймақтың жетекші кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындарымен, тағылымдамадан өту ұсыныстарымен және мансаптық бағдарламаларымен танысты.

Мерекелік шараның негізгі бөлігі Орталық жағалаудың «Ertis Promenade» сахнасында өтті. Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей көрсетілім арқылы форум қатысушыларына халықаралық жастар күніне арналған құттықтау сөзін арнады. Президент еліміздің бүгіні де, ертеңі де жастар екенін атап өтіп, Отанымыздың тағдыры жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты екенін жеткізді.

— Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатырсыздар. Волонтер ретінде де мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер. Осылайша, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Павлодар аймағы – ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың мекені. Сондай-ақ, Павлодар – еліміздегі өнеркәсіп орталығының бірі. Облыстың экономикамызды өркендетуге қосқан үлесі зор. Аймақ тұрғындары өндіріс, шаруашылық және басқа да салада адал еңбек етуде. Елімізді көркейтуге атсалысуда.

Премьер-Министрдің орын-басары Ермек Көшербаев та облыстың өнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.

— Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы — білікті адамдардың еңбегін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Аталған бағытта кәсіби бәсекеге қабілетті және Отаншыл жаңа буын шеберлерін тәрбиелеу аса маңызды. Осыған байланысты елімізде дуалды білім беру ісі кеңейіп, заманауи оқу орындары ашылды. ІТ, инженерия, сервис және креативті индустриялары бағытында түрлі жоба іске асырылды. Бүгінгі нәтижеміз – ертеңгі мықты еңбек нарығының кепілі, — деді Ермек Беделбайұлы.

Ал облыс әкімі Асайын Байханов облыстағы кәсіпорындардың жұмысына тоқталып, жастардың ел ертеңін дамытуға қосатын үлесі зор екенін айтты.

— Павлодар – еліміздің индустрия жүрегі. Мұнда 1000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың өнеркәсіп өндірісі республика көлемінің 80 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің 5 пайызын құрайды. Бұл кәсіпорындардың 75 пайызында жұмысшы мамандық иелері еңбек етеді, — деді аймақ басшысы.

Іс-шара Open Air форматындағы «Жастар Fest» ауқымды жастар фестивалімен аяқталды. Концерттік бағдарлама барысында елімізге белгілі эстрада жұлдыздары — Bytanat, Adil, Il’khan, Kalifarniya мен жергілікті Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары өнер көрсетті. Әртістер жиналған қауымды мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Нұржан ӘБДІКЕРОВ, ERG компаниясының Астана қаласындағы бас кеңсесінің сарапшысы:

— Көп жас өндірісте ескі технология қолданылып, адамдар шаң-тозаңы бұрқыраған, ауыр жағдайда еңбек етеді деп ойлайды. Шын мәнінде, қазір біздің кәсіпорындардың барлығы дерлік жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. Озық әдіс-амалдар енгізіліп, қызметкерлеріміздің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қауіп-қатерлер барынша азайтылған. Жарқыраған цехтарды көрген болашақ мамандар шын мәнінде таңырқап қалады. Себебі олардың ойлары мүлде басқа ауанда болып келген. Сондықтан жастарды өндіріс орнымен жиі таныстыруға, өндіріске ерте бастан үйретуге ден қойып отырмыз. Кейбір белсенді жас жұмысшыларды бір күнге учаске басшысы, шебер етіп тағайындап, өзінің мүмкіндігін көрсетуге ерік береміз. Өзім де қарапайым маркшейдер болып бастаған едім, басшылар белсендігімді байқап, қазіргі күні жауапты қызметтер беріп отыр.

 

Аружан ТӨЛЕГЕН, қатысушы:

— Біз көбіне инженер, дәнекерлеуші, механизатор сынды кәсіп иелерін тек күнделікті еңбектің адамы деп есептейміз. Алайда олардың ел экономикасына қосып жатқан үлесі орасан екенін біле бермейміз. Дегенмен, форум барысында Жұмысшы мамандықтарының қаншалықты маңызды әрі беделді екенін түсіндім. Кездесулер барысында спикерлердің табысқа жету тарихы, заманауи технологиялар жайлы ойлары ерекше әсер етті. Одан бөлек, жұмысшы мамандықтарының жаңа қырларын танып, өз ісіне адал жандардың әңгімесін естідім. Бұл форум тек кәсіби бағдар емес, болашағымызға бағыт беретін орта болды. Енді өз кәсібімді таңдауда тек «беделді» атаққа емес, қоғамға пайда әкелетін іске назар аудару керек екенін түсіндім. Мұндай кездесулер жастарға өз жолын табуға, еңбектің қадірін түсінуге көмектеседі. Осындай мазмұнды кездесулерді ұйымдастырған ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек, Валерий Бугаев.