Жұртшылық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды халық пен билік арасындағы көпір – мәслихат депутаттары арқылы шеше алады. Сол үшін де сайлаушылар лайық деп танылған кандидатқа дауыс береді. Бұл ретте облыстық мәслихат депутаттары сайлаушылардың талап-тілегін қаншалықты ескеруде? Жұртшылықты не алаңдатады? Қандай жұмыс атқарылды? Осы орайда, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбаймен тілдескен едік.
— Асылбек аға, жыл басынан бері тікелей сіздің бастамаңызбен облыста қандай мәселелер өз шешімін тапты?
— Облыстық мәслихат депутаттары жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты бағытталып, тиімді жұмсалуын қадағалайды. Биыл депутаттардың тікелей сұранысы бойынша аймақтағы бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда қазынадан 5,5 млрд теңге қаражат бөлінді.
Қомақты қаражаттың бір бөлігі мен сайланған округтағы тұрғындардың өтініші бойынша Павлодар қаласындағы №4 және №24 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге бағытталды. Қазіргі уақытта білім беру ошақтары жаңа кейіпке енуде. Бұл ретте №4 мектеп толығымен күрделі жөндеуде өтуде, ал №24 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жобалардың жалпы құны – 720 млн теңге. Қаражат бөлінген соң жауапкершілікті мойнымызға аламыз. Сондықтан білім мекемелеріндегі құрылыс барысын толық бақылаймыз. Екі мектеп те жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға дайын болады. Жалпы, өз округымызда жүргізіліп жатқан әлеуметтік жоба, құрылыс жұмыстары сынды барлық істі қадағалауға аламыз.
— Сіз экология мәселелері бойынша тұрақты комиссияның құрамында екеніңізді білеміз. Маңызды жиында қандай мәселелер талқыланды? Не шешілді?
— Экология – облыстағы ең күрделі мәселенің бірі. Сондықтан өзекті тақырып күн тәртібінен түскен емес. Ірі кәсіпорындардың экологияны таза ұстауда міндеттемелерді дұрыс орындауын бақылаймыз. Ағаш отырғызуға міндеттелген мекемелердің жұмысын тексереміз. Экологиялық жобалардың жүзеге асырылуы да — біздің назарымызда. Бұдан бөлек, көктемгі су тасқыны мәселесі де алаңдатады. Судың жеткілікті мөлшерде және қажетті нормада босатылуы да қадағаланады. Соңғы екі жыл көлемінде бұл мәселе жақсы жолға қойылғанын атап өту керек. Алдыңғы жылдары Шүлбі су қоймасынан жеткіліксіз мөлшерде су жіберіліп, бұл жағдай шаруашылықтарға, шабындықтарға айтарлықтай зиян тигізді. Осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдап, судың қажетті көлемде босатылуын қадағаладық. Осы жұмыстың нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде судың толтырылуы 90 пайыздан асты.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тазалық акциясына біз де бір кісідей атсалысамыз. Өзіміздің округ аумағында өткізілетін сенбіліктерге шығып, қоршаған ортаны таза ұстауға қол ұшын тигіземіз. Бұдан бөлек, Аққулы ауданына арнайы барып, аталмыш акция аясында өткен сенбілікке қатыстым.
Шыбын-шіркеймен күрес мәселесі де тұрақты комиссияның жіті бақылауында. Соңғы екі жылда аймағымызда дезинсекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңдеу жұмыстарына экологияға және адам денсаулығына қауіпсіз, арнайы сертификатталған «Бактицид» биологиялық препараты қолданылады. Экологиялық комиссияның мүшесі ретінде шыбын-шіркеймен күрестің авиа өңдеу алаңында болып, жұмыс барысын үнемі қадағалаймыз.
— Қоғамдық қабылдауға келген адамдар қандай мәселені арқалайды? Олардың талап-тілегі орындалды ма?
— Депутаттардың қоғамдық қабылдауы – тиімді халықтық бақылау, кері байланыс және азаматтық қоғамды дамытудың басты құралы. Ол мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтады.
Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға 132 адам келді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі аккаунттарыма, ұялы телефоныма округтегі тұрғындар мен өзге де азаматтардан жеке мәселелер бойынша өтініштер түсіп тұрады. Жиі көтерілген мәселелер қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мен жерге қатысты сауалдар болды. Бұдан бөлек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында қандастарды қабылдау және квота бөлу жөніндегі комиссияның мүшесі болғандықтан, қандастар да көп жүгінеді.
Айына екі мәрте тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдаймын. Әр айдың соңғы жұмасы күні өз округымызда қабылдау жүргізіледі. Сонымен қатар, жұртшылық «AMANAT» партиясы облыстық филиалы арқылы қабылдауға жазылады. Менің округімде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер паналайтын «Дағдарыс орталығы» орналасқан. Күйеуінен зәбір көріп, сол орталықта жатқан әйелдердің де жағдайымен танысамын. Ана мен балалардың қажетті көмекпен қамтылуын назарға аламыз.
Көмек сұрап келген тұрғындардың мәселесі шешіліп жатады. Мысалы, өткен аптада мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге қызмет көрсетіп келе жатқан «Самал» оңалту орталығының жабылуына байланысты ата-аналар балаларының тағдыры үшін алаңдап, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы арқылы қоғамдық қабылдауға келді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен әлгі ата-аналардың балалары 1 қыркүйектен бастап басқа әлеуметтік орталыққа орналастырылатын болды. Мәселе шешілді. Бұдан бөлек, балаларды мектепке дайындау бойынша да жүгінетіндер бар.
Естеріңізде болса, жыл басында жас маманның мәселесі оң шешілді. Қоғамдық қабылдауға ауыл мектебінде жұмыс істейтін жас маман шағымданды. Оны мектеп директоры орынсыз айыптап, заңсыз жұмыстан шығарған. Оқу бөлімі мен білім басқармасының араласуымен мәселе оң шешілді. Маман жұмыста қалды.
Жалпы мұндай өтініш, талап-тілек «AMANAT» партиясы облыстық филиалына жиі түседі. Қарапайым жұмыскерлер кейбір ауыл әкімі, мектеп директоры, мәдениет үйі басшысы сияқты мемлекеттік мекеме басшыларының үстінен жиі шағымданады. Бір орында тапжылмай 15-20 жыл отырған басшылар да бар.
Мемлекеттік мекемені өз меншігіндей қарап, қол астындағы қызметкерлерге қысым көрсетіп, заңсыз әрекет жасайтындар кездеседі. Мұндай жағдайлар кадр тапшылығын туындатады, ауыл тұрғындарының азаюына әсер етеді, жұмыскердің заңды құқығы тапталады, халықтың атқарушы билікке сенімін азайтып, наразылығын тудырады.
Сондықтан әрдайым қарапайым халықтың өтінішіне құлақ асып, қол ұшын беруге дайынбыз!
— Депутат ретінде аудан-ауылдарды қаншалықты жиі аралайсыз? Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажы қандай?
— Аудан-ауылдарға ауылшаруашылық, экология, жер мәселесі бойынша жиі іссапарға шығып тұрамыз. Облыстық «Жер ама-наты» комиссиясының мүшесі болғандықтан бұл мәселелерге ерекше мән беремін. Ауыл халқы жайылым мәселесі бойынша жиі шағымданады. Әсіресе, келіп түскен өтініштерге байланысты Павлодар және Шарбақты аудандарына көп барамын. Сонымен қатар, Ақсу қаласы маңындағы ауылдарда да жер, жайылым бойынша мәселе жиі туындайды. Ағайынның талап-тілегін заң аясында орындап келеміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.