Президент бастамасы бойынша 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аталды. Өзге елдің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, жұмысшы мамандықтары бағаланатын мемлекеттің экономикасы ілгері дамып, әлеуметтік деңгей басты назарға алынады. Елімізде осы саланың мәртебесі артса, әлемдік деңгейге жетуіміз мүмкін. Жыл атауына байланысты, бүгінде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында қандай іс қолға алынып, қоғам арасында кеңінен таралуда? Техникалық мамандықты таңдаған жастар саны қанша? Міне, осы тақырыпты «Алаңда» талқылап көрген едік.
Алма Қасымова, Аққулы аудандық мәслихат төрағасы:
— Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан бері көптеген жұмыс атқарылды. Бастысы, қоғам арасында еңбекқор, іскер азаматтарды үлгі тұтуымыз керек. Жұмысшы мамандыққа оқытатын кәсіби колледждер осы жүйені жетілдіру керек. Оқу орындарының қаражат мөлшерін көбейтіп, жастарды заманауи технологияларды қолдану арқылы оқытқан жөн. Аққулы ауданында «Кемеңгер» колледжінің филиалы бар. Алдағы уақытта аталмыш оқу орны кеңейіп, мамандықтар саны көбейсе, жақсы болар еді. Кейбір жұмыс орындарында еңбек заңнамалары сақталмай, қызметкерлердің құқығы бұзылады. Осы тарапта, әсіресе, ауыл-аймақта қызмет ететін жұмысшы мамандықтар саласының иегерлерінің еңбекақысын көтерсе, өзгелердің еңбекке қызығушылығының артуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, қаладағы оқу орындары мен зауыттардың байланысы тығыз, жылына бірнеше рет тәжірибе алып, болашақ жұмыс орнымен танысу мүмкіндігі зор. Дәл осылай ауыл жастары да білімдерінің сапасын арттырып, өндіріс орнына барып тұрса, жөн болар еді.
Дәулет Сағымбеков, Павлодар алюминий зауытының инженер-жоспарлаушысы:
— 2006 жылы Павлодар мемлекеттік университетін тәмамдап, бірден зауытқа жұмысқа орналастым. Алдымен слесарь-жөндеуші қызметіне келіп, еңбек жолымды бастадым. Сан алуан мамандықтардың ішінде бұл сала жан дүниеме жақын көрінді. Белгілі ғұлама әл-Фараби «Өз ісіңнің шебері болу үшін өз мамандығыңды сүйе біл» дегендей, жылдан-жылға өндірістегі қызметіме қызығушылығым арта түсті. Алғашқы кезеңде сызба жазып, құрал-саймандармен жұмыс жасаған кезде университетте алған бар білімімді іске салдым.
Өндірістегі аға буын өкілдері зейнет жасына шығып, басқа елге көше бастаған уақытта жұмысшы мамандықтардың тапшылығы басталды. Уақыт өте келе, білімімді шыңдап, бірнеше курстарға қатысып, жаңа мамандықтарды игердім. Инженер-технолог мамандығына ауысып, инженер-жоспарлаушы қызметін атқарамын. Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтар жылының мәртебесі артқаны байқалады. Неге десеңіз, өндіріс мекенінде де қызметкерлерге арналған оқытулар мен жобалар көбеюде. Яғни жұмысшылардың беделі артып, еңбек сатысында жоғары көтерілуіне ықпал етеді. Бүгінде қатарымызға қосылып жатқан жастардың икемі жақсы, алға қойған мақсаттары нық.
Болат Аманбаев, журналист, облыстық Журналистер одағының төрағасы:
— Алдымен жұмысшы мамандықтар мен еңбек адамы дегенді ажыратып алуымыз керек. Мысалы, дәнекерлеуші мамандығын алатын болсақ, яғни белгілі бір мекемеде білім алған қызметкер. Ал еңбек адамы деп, аула тазалап көріктендіретін аула сыпырушы, еден жуушы мамандарын айтуға болады. Бұл бірін жоғары, екіншісін төмен қою үшін келтірілген ой емес. Ресми статистикаға сүйенетін болсақ, 2030 жылға қарай электромонтер, сылаушы, тау-кен мамандарына сұраныс көбейеді деп айтылған. Мұнда ауыл шаруашылығының мамандары жайлы сөз етілмеген. Тракторшы, комбайншы сынды мамандардың сұранысы бар. Аймағымызда орналасқан өндіріс орындарында қызмет етіп жүрген мамандарды жылда түрлі аталымдармен марапаттайды. Өз ойым, қарапайым жұмысты атқарып жүрген мамандарды күтпеген жерден құрметтеп, сый-сыяпат табыстаған жөн.
Жұмысшы мамандықтар сұранысын арттыру үшін, 90-жылдары оқу орындарында оқу бағдарламасы мен әдістемесін жоғалтып алдық. Сол себепті білім сапасын арттырып, кәсіптік техникалық бағдарламаларды дамытуымыз керек. Сондай-ақ, теориялық білімге қарағанда тәжірибелік сабаққа көп мән бөлсе, студенттердің құлшынысы оянары анық. Ақиқаты, бүгінде ауыл шаруашылығы саласының мамандарының санын артып, жастарға табыс табудың қайнар көзі екенін дәлелдеуді басты назарға қойған абзал.
«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.