Еңбек ету – бақыт!

Там 28, 2025

Халық қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаруға күш салатын сот жүйесіне сенім артады. Бұл саланы ақиқаттың темірқазығы деп біледі. Ал адамның тағдырына қатысты шешім шығару құқығы тек судьяға берілген. Осыдан-ақ сот саласы мамандарына жүктелген міндеттің қаншалықты жауапты екенін білуге болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Павлодар қаласы Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәуле Даньярова еңбекті бақыт деп санайды. Өйткені өз саласына жүрек қалауымен келіп, жұмысын сүйіп атқарады.

Сәуле Хайырбекқызы мектепті бітірген уақытта әкесінің қалауымен ұстаздық жолды таңдап, Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік университетінде физика және математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Жүрегі сот саласын қалағанымен, әкесіне қарсылық білдіре алмайды. Қолына диплом алып, ата-анасының тілегін орындайды. Бірақ алғашқы еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысында сот отырысының хатшылығынан бастауды жөн көреді. 10 жыл көлемінде түрлі дәрежеде жұмыс істейді. Кейін емтихан тапсырып, жоғары ұпай алып, судья атанады.

Сәуле Даньярова — 2009 жылы Баянауыл аудандық сотына судья болып келген алғашқы әйел. Бұдан бөлек, 2019-2024 жылдар аралығында Баянауыл аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған алғашқы әйел. 2024 жылы ҚР Президентінің бұйрығымен Павлодар қалалық сотының судьясы атанады. Жергілікті халық 15 жыл Баянауылда жұмыс істеген еңбегін жоғары бағалап, «Баянауыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттаған.

Еліміздегі сот жүйесі мен судьяның мәртебесі ҚР Конституциясында бекітілген. Мұнда судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сотқа немесе судьяға құрмет білдірмеу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сот процесінің өтуіне кедергі келтіріп, судьяның заңды өкімдеріне бағынбаған, сот шақыртуына келмеген тұлғаларға заңмен жауаптылық қарастырылған. Осының бәрі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде сот саласының мәртебесін айшықтайтыны сөзсіз. Сондықтан да кез келген адам судья бола алмайды. Мәртебелі мамандыққа ие болу үшін жылдар бойы заң саласында тәжірибе жинауы маңызды.

— Сот жүйесінде жұмыс істей отырып, Конституция аясында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өткім келеді. Бүгінде адво-каттар қызметінің заңнамалық базасы кеңейді, алқабилер соты институты енгізілді, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот төрелігі жүйесі қалыптасты, мамандандырылған соттар ашылды. Биыл 1 шілдеден бастап жаңа Кассациялық сот өз жұмысын бастады. Құжат айналымы электронды жүйеге көшіп, өтініш беру, шешім шығару онлайн режимде де мүмкін болып отыр. Ел Президенті қоғамдағы әділеттілік пен заңдылықты нығайту мақсатында халықтың игілігі үшін сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаға ерекше назар аударуда. Осынау маңызды күнде жерлестеріме бейбіт аспан, келісім мен тұрақтылық тілеймін. Әрбір шаңырақта бақыт орнасын! — дейді судья.

Сәуле Даньярова — әділдікті қақ жарған судья ғана емес, отбасында адал жар, 3 баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана.