Арда ұстаз кітап сыйлайтын. Маған тигеннің алғашқысы «Однокурсники» еді. М.Ж.Көпеевтің екі томдық шығармаларының таңдамалысын да тарту етті. Екеуі де 1990 жылмен. Қолтаңбасы «Талапты/талантты, еңбекқор шәкіртім Бекенге» деп бітеді. Басқаға да берілген шығар. Олар үшін де бітісі бөлек болар. Маған ыстығы, ұстазымның каллиграфиясы мен маған деген сенімі. Әйтпесе 3-курс студентінде қайбір еңбекқорлық бар дейсің?! Осы курста болу керек, «М.Ж.Көпеевтің шығармашылығы» тақырыбымен ғылым бәйгесіне бір қосып алды. Ешкімді ұтқаным жоқ, бірақ болашақта ұтылмайтын сабақ алдым.
Кезінде Мұхтар Әуезов ҚазМУ студенттерінің алдында көптеген дәрістерін ағытқан ғой. Пән қатарын «Ауыз әдебиетінің тарихынан» және «Абайтану» сынды курстар құрапты. Әр дәрісін зая кетірмейтін тыңдаушыларының бірі кейіннен М.Әуезов жайлы: «Абай шығармаларына қатысты заттың немесе табиғат құбылысының атауы айтылса, оның барлық аттарын бірінен кейін бірін шұбалтып тізбектейтін. Мысалы: желдің алпыс атауын «ала қаншық, азынау, алтын күрек, жайдақ, жатаған, желең, заулама, қарыма, қайтыс, қоңыз, тентек, үрме желдер». Сондай-ақ, жолдың отыз, баспананың жиырма бес түрін тізілтіп соза беретін» — дейді (Адай Есенқұлұлы. Халқымыздың дара-боз ұлдары еді. Кітапта: Ғалымның биік тұлғасы. – Алматы: Ғылым, 1998. 164-б. – 49-б.).
Әлемге танылған Әуезов кейіннен шәкірттерінің әкесі сипатты болып кетті. Елге еңбегімен танылған тұлға «Менің Әуезовім» деп кітап атын арқалатты. Сондай сөзді айтқан тұлғалардың жасына жеттік. Бүгінге дейін Қуандық Пазылұлының жоғарыдағыдай сөздерін саралап, саны сансыз, сапасы санаға атан түйенің жүгін артқан еңбектерін таразылаған шәкірт түрін түгендегеніміз жоқ. Семей мен Кереку түлектері ұлықты ұстаз қатарын Мәшһүрдің немересімен толықты-
рып алатыны бар. Бек қуаныштымыз әрі бұл дұрыс жайт. Жоғарыда Әуезовке қатысты жөн айтқан жұрт (Адай Есенқұлұлы, Зейнолла Қабдолов) небір құбылыс атаулының аталуын тізбектейді дейді. Сөз бар ма? Менің ұстазым да мұндай жайтты жайбарақат қана тұрып жайқалтатын. Сенерсіз, күмәнім жоқ. Сенбесеңіз қараңыз: Көркем сөздің құдіреті (мектепте қазақ әдебиеті, тілін оқыту). Павлодар, 2000 жыл; Әдебиетті оқыту мәселелері. Павлодар, 2011. Бір ғана Мәшһүр Жүсіп шығармаларынан ақтарылған 3 томдық «Сөз құдіреті» (2013) еңбегіне тағы бір үңіліңіз.
Дара да, дана да анадан туады. Ақындықтың, жазушылықтың, ғашықтықтың, сүйіспеншіліктің, мәрттіктің, ерліктің, елдіктің, құйқаның дәмі ауыздан кетпейтін қиындықтың отаны – студенттік шақ. Менің ұстазым да осы жолды өткерді. Біз де өткіздік. Бірақ бізден повесть шықпады, кейіннен ол романға ұласқан жоқ. «Қыздар, жігіттер: 1981; /Однокурсники: 1989» повесть болып туды, роман болып қалды (2013). Жөні бар екен. Кеңестік кезеңнің жаймашуақ күндерін көз алдыңа әкелетін 70-80 жылдар кейіпкерлері Горбачевтің қайта құруында бас бұға алмады. Алаңға апарды, көз жасын көл қылдыртты, бір әумесерлер ұлық болар ұлына сатқындық жасады. Повестің романға ұласуына осы сұрапыл уақыт меже болды. Жаның жадырап, ләззат ала отырып жазатын жағдай емес бұл. Терең батырып, төзіміңді тежейтін, ақылыңның алқымынан алып, дар ағаштың арқанына мойның байланғандай күй кештіретін – Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама бұл. Менің ұстазымның романы осы қақында.
Повесть-романның бір кездері пьеса болып сахналанғаны бар. Драма жанрына сұранып тұрғаны ғой. Ақиқатында, шығарма диалогтың биік жоралғысын сақтаған. Шығармадағы кез келген диалогтық қарым-қатынастан кейін, кейіпкердің өзіндік характері ашылып жатады. Маған еріксіз езу тартқызған қол саусақтарының сөйлеп кетуі болды: Алдымен қайнақай сұқ саусақ, іле мардымсыған ортаңғысы шошайып, былқылдақ, ыстық ерінге жанасты. Сұқ саусақ «Сенің не арманың бар екен?» — дегендей, үлбіреген қауашық ерінді түртіп өтті. «Сен де құр қалған жоқсың, жігіттің ыстық, қатқыл алақанына бүк түсіп жатып алған өзің емеспісің?» — дегендей, ортаңғы саусақ ұшын дымқыл, жылы ерін аялады (Қыздар, жігіттер, 246). Бар ғұмырдың бүткіл ғанибеті бір ғана детальмен көріктенуі деген осы!
Бүгінгі сөз әдемілік жайында. Дұрысы, сөздің әдемілігі туралы. Сондықтан сүйрік сөзді синоним-
дер. Мақала тақырыбында «белес» бар. Менің ұстазымның биік белесі бұл. Сосын сүйрік синонимнің биік белесі. Шығарма және оның егесі Қуандық Пазылұлы «Бел-белесте» және «Биікте» берік тұр. «Қат-қабат» пен «Жолын» жүріп өткен. «Өр» мен «Қиясы» қолға ұстағандай. «Тайғағы» жоқ, «Жайлауы» бар. «Еңісі» жоқ, «Асу» бар. «Кек жолына» түспейді. «Өкініш» жоқ. «Қақтығыс» жоқ. «Қоршау» жоқ. Бұл біз тілге тиек еткен «Абай жолы» эпопеясының бөлім аттары ғана емес. Бұл — «Қыздар, жігіттер» роман кейіпкерлерінің жолы және автордың мінез-құлқы, бәсі, бәйгесі. Анау алқакөл сұламадан алып шыққан арғымағы. Азбаны емес.
Синонимді романына серік етпейтін жазушылар жоқ шығар. Бірақ сөздің сәні синонимді асқар шыңға шарықтатқан және сол биікте қалт-құлт еткізбей қақпақылдап, қағбаға айналдырған – Қуандық Мәшһүр Жүсіп. Жазушы кейіпкерлері тілдерінің тиегі төмендегіше ағытылады: әйгілеймін, әңгірлеп тұр екен, байымдайын дегенім, безбендейміз, бипаздайды, дабдырлайды, дабдарлайды, дәбдірлейді, дәріптейді, неге дүрсімесін, діттейді, езуледі, жарғыласа жатармыз, зуқитады, күлбілтелемейді, кейін мәлімдерсің, сұңқылдайды, тақылдайды, мен тамақтаймын, тәптіштеу міндет емес // Мен жаңа қыздармен ырғасып келдім // Қыздар, сендерге де шағарым көп, қайтейін?!.
Кейіпкерлердің сөйлеу, айту мағынасындағы қолданыстар бұл. «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінің» (2005) өзі бұл қатарды деу, баяндау, сарнау, үндеу, тіл қату сынды сөзтұлғалармен ғана толықтырыпты. Әдейілеп ұстаз-жазушының синоним сөздерін сөздік реестрінен іздедік. Бақсақ, әйгілеу де, әңгірлеу де жоқ. Байымдау мен бипаздауға реестр бұйырыпты, ал безбендеу бекімеген. Анау «д» әрпімен басталатын сөзтұлғалардың бірде-бірі сөздікте жоқ. Езуленбейді де екенбіз, жарғылас(ып) жатпаймыз да екен! Зуқиту зым-зия. Езу кездеседі, бірақ езулеу жоқ. Мәлімдеу бар, сұңқылдау, тақылдау, тамақтау жоқ. Тәптіштеу кездесті. Ырғасу мен шағарым жоқ.
Аталған сөздікте 16500 сөз қамтылды деп тұр. Басқа сөздің болары да, кірмегені де мойындалған. Тамырын басып тарқатамын дегенге «Қыздар, жігіттер» романы көмектеседі. Бүкіл романды бітпес сөзге айналдыруға болады, сондықтан бір мысалмен қайырылдық. Оның өзінде синонимдеріне ғана сөз салдық. Синонимнің сүйріктігі сол, бірімен-бірі төменді-жоғарылы жүйткіген, таудан-тауға ұласқан бәз бүркіттің саңқ дауысы секілді. Жіңішкеленіп келіп, жуандап кетуінде мән бар. Қалай жеткізілген болса да, сөйлеу санатының өзі бипаздаудан басталып, әйгіленеді. Орта лектегі сан салалы синонимдер сапасымен-ақ бауырына тартады.
Сөз соңы: Қуандық Пазылұлы Мәшһүр Жүсіп есімі Абай елінде озық еді, кең Керекудің көрігін де қыздырды. Әрине, білімнің, ғылымның. Ондай жазып-сызған әдістемеші ғалым әсте аз. Тіпті, бір өзі ме деймін?! Жоғары мектепте проза, поэзия, драма жанрын оқыту мен ғылыми талдаудағы жүйріктігі жүз жылға азық болып қалды. Бұл жайында осыдан тура бес жыл бұрын «Сөз ұстасы немесе ақ кіреуке сөз терген» атты баяндамамызда дабдырлағанбыз. Кейіннен «Қара сөз және дарынды сөз жүйесі» кітабымызға енді (Семей: Жәрдем баспасы, 2025. – 309 бет).
Бекен Сағындықұлы,
ғылым докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

