Әзірлік әлсіз

Там 28, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Жаз аяқталып, қара күзден кейін қыс та жетеді. Қытымырлығын көрсететін қысқа әзірлікті әріден бастамасаң, кейін кеш болатынын көпшілік біледі. Бірақ, кейбір елді мекендерде бұл жайтты ескермейтіні көрініп отыр. Мұны облыс басшысы Асайын Байханов аудан билігін ескертпей, Железинге жеткенде куә болды. Осылайша, облыс әкімі жылыту маусымына дайындықтың барысын кенеттен тексерді.

Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында мәлімдеді. Аңғарған кемшіліктерді ашып көрсетті. Қай тұста ағаттық жіберіліп жатқанын да тура айтты. Тіпті, қазандықтардың люктары ашылмаған көрінеді. Аймақ басшысы тиісінше күтімнің болмауынан жабдықтардың тез тозатынын да ескертті. Сапар барысында сол күтімнің жоқтығын байқаған.

Железин ауылында барлығы 18 шақырымнан астам жылу желілері бар және 5 қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Орталықтандырылған жылу желілері 556 жеке тұрғын үй және 77 әлеуметтік нысан мен ұйымдарды жылумен қамтамасыз етеді. Соңғы 2 жылда барлық қазандықтар жаңартылған.

Photo Valeriy BUGAYEV

— Қазіргі уақытта қазандықтарды жылу беру маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Алайда нысандарды аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Сапар қорытындысы бойынша билікке 5 қыркүйекке дейін ауданға қажетті көмір көлемін жеткізуді, сорғы және желілік жабдықтарды жөндеу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ, қазандықтардың іргелес аумақтарына санитарлық тазалық жүргізуді тапсырдым, — деп жазды аймақ басшысы парақшасында. Сонымен қатар энергетика басқармасына №2 қазандықтың түтін құбырына техникалық аудит жүргізу және оны келесі жылы жаңғыртуға жоспарлау тапсырылды.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.