Жуырда облыс әкімдігінде «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Оның сайлауалды өңірлік Жол картасын іске асыру жобалары талқыланды. Жиынға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, біздің аймақта жалпы өңірлік пулға 7,5 трлн теңге сомасына 102 басым жоба енгізілді. Аймақ басшысы бұл жобаларды іске асыру 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға және экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Өңірлерді барынша дамыту — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты ұстанымы. Павлодар облысында бұл бағытта белсенді және жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірдің барлық негізгі көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр, — деп атап өтті Асайын Байханов.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 30 медициналық нысан салынды. Оның ішінде бір ғана нысан — Железин ауданы Мыңкөл ауылындағы медициналық пунктте мәселе туындады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым ауыстырылып, жұмыстар қазан айында аяқталады деп күтілуде.
Сол сияқты биыл 590 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Соның нәтижесінде жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 96 пайызға дейін жетті. Келесі жылы ауылдардың барлық кіреберіс жолдарын жөндеуді аяқтау жоспарлануда.
Өңірдегі басым бағыттардың бірі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту болып қала береді. Соңғы үш жылда жылумен жабдықтау жүйесіне 163 млрд теңге инвестиция салынып, 87 жабдық жөнделіп, 185 шақырым жылу желісі қайта жаңартылды. Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады.
Осындай жоғары көрсеткіштерге қарамастан, түйткілді жобалар да бар. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан тиісті келісімнің болмауына байланысты Павлодар және Екібастұз қалаларында екі өрт сөндіру депосын салу ісінің мерзімі шегеріліп отыр. Сол сияқты жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізудің салдарынан Кемеңгер және Ақжол ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы мерзімінен кешікті. Енді Ақжол ауылындағы кешен осы жылдың соңында, Кемеңгердегі спорттық нысан келесі жылы пайдалануға берілетін болды.
Жиын барысында Асайын Байханов өңірде экономикалық құрылымның трансформациясы жүріп жатқанын атап өтті. Яғни, Павлодар облысы индустриалдық облыстан индустриалдық-аграрлық салаға айналуда. Бұл бағытта ауыл шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жүргізілуде.
— Бұл шаралардың барлығы Павлодар облысы тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. «AMANAT» партиясының Жол картасының орындалуы менің жеке бақылауымда, — деп түйіндеді облыс әкімі.
Жол картасын іске асырудың тиімділігі қоғамдық мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін және нысандардағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ететін партиялық бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко бірлескен күш-жігердің арқасында нәтижелерге қол жеткізуге болатынын, ал мәселелер жергілікті биліктің назарында екенін атап өтті.
— Ауыл тұрғындары өтініштерінің жерде қалмайтынын көріп отыр. 2025 жылғы бюджетте біздің бастамамыз бойынша аудандардағы әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеуге 8 млрд теңге қарастырылды. Бұл — билік пен депутаттық корпустың өзара іс-қимылының нақты нәтижесі, — деп атап өтті Илья Теренченко.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.