Қыстан қысылмай шыға ма?

Қыр 11, 2025

Баянауыл ауданында өткен жылмен салыстырғанда шөптің шығымы әлдеқайда аз. Кейбір ауылдар қысқы мал азығын өзге аудандар мен көрші ауылдардан тасуда. Шаруалар бұл жағдайда шіліңгір шілденің ыстығы мен жаз мезгілінде жауын-шашынның аз болуы себеп екенін айтады. Онымен қоса, жайылымдарды ақбөкендер таптап кеткен.

Төрт түліктің жайын ойлаған ауылдағы ағайын күз мезгілі басталысымен шабындық іздейтіні белгілі.  Баянауылдықтар қыс қамына ерте кіріскенімен жылда ауылдан сатып алатын шөпті ақшасына таба алмай отыр. Мәшһүр Жүсіп ауылының тұрғыны Қуаныш Белгібайұлы биыл шөпті Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылынан алдыртуға мәжбүр.

— Өткен жылы ауылда шөптің шығымы өте жақсы болды. Елді мекендегі шаруаларға алдын ала ақшамды төлеп қойып, қажетті шөпті жеткізіп алған едім. Биыл қолда бар азын-аулақ мал үшін алаңдап отырғаным рас. Өйткені ауыл ішінде ақшасына шөп таба алмадым. Бұл жағдайға жауын-шашынның болмауы әрі жайылымды ақбөкендердің таптап кеткені себеп болып отыр. Қазір Екібастұз қаласына қарасты ауылдардың шаруаларымен сөйлесіп, шөп мәселесін келісудемін, — дейді зейнеткер.

Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжалин өткен жылмен салыстырғанда шөптің аз шыққанын жасырмады. Бірақ ауылдағы ағайынды шөппен қамтамасыз етуде өзге аудан-қаланың шаруаларымен тілдесудеміз.

— Биыл көктемгі мамыр айы мен маусым айында ауылда жауын-шашын болмай, жерге қажетті мөлшерде ылғал бармады. Елді мекенге жауын-шашын кеш жауды. Қазір жергілікті шаруалар шабындықта жүр. Өздеріне қажетті мал азығын жинаған соң, артылғанын ауылдағы ағайынға сатады. Бір тележка шөптің бағасы 50-55 мың теңге көлемінде. Бұл – аудан бойынша ең төмен баға. Ауыл тұрғындары үшін өзге қала-аудандардан шөп ұсынатындар да бар. Бір рулонның бағасы 9 мың теңгеден сатылады. Ауылда Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінен шөп алған адамдар бар, — дейді Сәбит Мұратұлы.

Ауылдағы ағайынның мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Мұқатайұлына хабарластық. Ол ауданда шөптің шығымы аз болғанын жасырмады.

— Өткен жылы шөптің шығымы өте жақсы болып, бір жарым жылдық қор жинап алған едік. Биыл аудан бойынша Қызылтау, Лекер және Бірлік ауылында шөптің шығымы мәз емес. Шілде айындағы аптап ыстық енді шыққан шөпті күйдіріп жіберді. Жаз бойы кейбір ауылдарға жауын-шашын аз жауды. Жайылымды ақбөкен таптаған елді мекендер де бар.

Биыл бұл жануарлардың саны аудан бойынша көп болды. Қаратомар, Құндыкөл, Сәтбаев, Ұзынбұлақ ауылдарында шөп шабу бойынша мәселе жоқ. Шаруалар қысқы мал азығын дайындау үстінде. Шөпті қажет ететін ауылдардан өтінім қабылдаймыз. Қазір Лекер, Қызылтау ауылдарының тұрғындарынан түсті. Сол арқылы жергілікті жұртшылыққа  көрші аудан-ауылдардан қысқы мал азығы жеткізіледі. Бір рулонның құны – 9 мың теңге, 1 тюктің орташа бағасы 800-900 теңгеден саудалануда. Рулонда 200-250 келі, бір тюкте 20-25 келі шөп болады. Ауданда өткен жылдан қалған шөп қоры қалғандықтан қыстан аман-есен шығамыз деген үміттемін, — дейді Бақытжан Мұқатайұлы.

Иә, ауылдағы ағайынның негізгі күнкөрісі – мал. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан қысқы мал азығынан тапшылық көріп отырған тұрғындардың жағдайы алаңдатқаны рас. Төрт түлікпен күнелтіп отырған жұртшылық қыстан қысылмай шықса деген тілегіміз бар.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.