Май ауданы Ақжар ауылының жастары үшін қуанышты жаңалық орын алды. Аталған елді мекенде көптен күткен футбол алаңы ашылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Алаңның салтанатты ашылуына ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, спорт сүйер қауым жиналды. Қонақтар игі істің ауыл өміріндегі маңызын атап өтіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Футбол алаңы ауылдың спорттық инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, командалық рухты қалыптастыруға ықпал етпек. Әсіресе, жасөспірімдер арасында футболға деген қызығушылық артып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады.
Одан бөлек, Жұмыскер ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Зекен Қажкеновке арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Рәсім соңында ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, ауыл мешітінде ас берілді.
А.БОРАНБАЕВА.