Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында «ERTIS» жоғары инновациялық аграрлық колледжі – заманауи аграрлық кадрлар мен болашақ көшбасшылардың ұстаханасы ретінде танылған. Биыл оқу орны «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аймақ басшысының қолдауымен заманауи техникамен толыққан.
Аталмыш колледжде 954 студент білім алуда. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар агроном, ветеринар мамандығын меңгеріп, ауылшаруашылық саласында еңбек етпек. Оқу ордасында инновациялық технологиялар, заманауи жылыжай кешендері мен агроорталық жобалар қарастырылған. Сондай-ақ, білім ордасы шетелдің жетекші техникалық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде Қырғыз Республикасы Сұлтан Ибраимов атын-дағы агротехникалық колледжі және
Ресей Федерациясының Столыпин атындағы Омбы аграрлық-техникалық университетімен жұмыс жасайды.
Одан бөлек, колледж «Агро-машХолдинг KZ» компаниясымен меморандумға қол қойылған, яғни студенттер ауылшаруашылық техникасын құрастыру бойынша ірі кәсіпорында тәжірибеден өту мүмкіндіктеріне ие.
Ал оқу-өндірістік шеберханадағы әлемдік брендтердің жоғары техно-логиялық жабдықтары студенттердің өндіріс жағдайына етене араласып, болашақ мамандықтарының қырсырын тануға ықпал етеді.
– Біздің студенттер колледжде оқып жүрген кезде тәжірибеден өтіп, сол уақытта жұмысқа орналаса алады. Құзыреттік орталығымыз қазіргі шаруа қожалығы қажеттілігіне сай заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген. 2-3-курс студенттері алдымен кабинетте көлік жүргізу ережесін үйреніп, кейін жазық далаға шығып, трактор мен «КамАЗ» тілін меңгереді. Бүгінде өндірістік салада қыз балалар мен ер балалар қатар оқиды. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай биыл облыс әкімінің грантын ұтып алып, жалпы сомасы 50 миллион теңгеге қажетті заманауи техника сатып алынды, – дейді «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі басшысының оқу-өндірістік жұмысы бойынша орынбасары Уан Абай.
Болашақ ветеринар Берікбай Хайрым тауық тұқымдарын зерттеуде. Инкубатордағы тауық 7-8 келі ет бере алатынын айтты. Сондай-ақ, оқуға түскелі болашақ кәсібіне қызығушылығы артып, агрономия бойынша өткізілген халықаралық, облыстық, республикалық сайыс-тардан жүлделі орындарды иеленген.
Агрономия мамандығы бойынша білім алып жатқан Бақытгүл Әбенова биошірінді жайлы оқу жобасымен бастан-аяқ бөлісіп, өсімдік өсірудегі пайдасымен бөлісті.
– Биошірінді – топырақтың құнарлылығы мен өнімнің өнімділігін арттыратын, өсімдіктің сау өсуіне мүмкіндік беретін белсенді компонент. Алдымен дайын компостты алып, оған калифорниялық құртты жібереміз. Оның ерекшелігі зор, ол өсімдіктің тез әрі сапалы өсуіне септігін тигізеді.Температура мен ылғалдылықтың дұрыстығын өзіміз қадағалаймыз. Таңдаған мамандығы болашағы ауқымды, зерттеу көп, – дейді жас агроном.
«Ertis» жоғары инновациялық колледжінің ұстазы Егеубай Рахметуллин бүгінде болашақ агрономдарды алпауыт көліктерді жүргізуге үйретіп, сенім білдіріп, қолдап жүрген ұстаздары ауыл шаруашылығының әлеуеті қашанда зор екенін айтады.
– Осы салада 16 жастан тракторды жүргізіп келемін. Қазір студенттер көлікті толығымен меңгерген. Күнделікті түрде жазық далада көліктің тілі мен қыр-сырын танып, оның құрылғысын жүз пайыз білуі керек. Ертең жоғары лауазымды маман атанғанымен,
бұл көліктердің жұмыс істеу ережесін әр кез есте сақтаулары міндет, – дейді ол.
Оқу ордасының 3-ші курс студенті Әбдіқалықов Дәулет әкесінің ақылына құлақ асып, агрономия саласын таңдаған. Осы күнге дейін үш шаруашылықта еңбек еткен. Тіпті тәжірибе барысында жұмысшылардың арасында басты агроном лауазымына көшіп, Ақсу ауданындағы Үштерек ауылында егістіктің өнімділігіне ықпал еткен.
Айта кетейік, «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі өңіріміздегі жетпістен астам кәсіпорындармен өзара тиімді серіктестік орнатқан. Заманауи жабдықпен толыққан оқу ордасы аграрлық сала бойынша үздік мамандар даярлап, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына үлес қосуда. Алдағы уақытта студенттер ыңғайына қарай өсімдіктердің түр-түрі кездесетін жылыжайды кеңейту жоспарда бар.
Салтанат ҒАББАС. Кемеңгер ауылы, Павлодар ауданы.