Павлодар облысы тары, сәбіз және картоп егу бойынша елімізде көш бастады. Егіс алқаптарын әрта-раптандыру нәтижесінде аймағымыз майлы дақылдарды егу бойынша республикада алдыңғы қатарға шыққан.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленовтің айтуынша, өңірде егістік алқабының көлемі 1 660,1 мың гектарға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 95,8 мың гектарға көп. Алқаптың 42,9 пайызын майлы дақылдар құрайды.
— Алғашқы жартыжылдықта өңірдің аграрлық секторы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 2 пайызға өсіп, 91,6 млрд теңгені құрады. Бұл өсім мал және өсімдік шаруашылығындағы өнімділіктің артуымен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 68,9 млрд теңгеге жетіп, облыс республика көлемінде екінші орынға ие болды. Бұл – агроөнеркәсіп саласына деген сенімнің айғағы, — дейді Әлібек Қаленов.
Әлібек Жайықұлының айтуынша, инвестиция есебінен жаңа жобалар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Мәселен, биылғы жылы 38,4 млрд теңгеге 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 10 жоба аяқталды. Бұл ретте 2 380 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы мен аумағы 1 808 гектар суармалы жерді іске қосу жоспарда бар. Жыл соңына дейін тағы 15 жобаны аяқтау көзделуде. Аймақта минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі де артып отыр. Жарты жылда 65,5 мың тонна тыңайтқыш себіліп, 99,1 мың тонна сатып алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51 пайызға көп. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында дала жұмыстарын қаржыландыруға жалпы сомасы 28 млрд теңге бөлінді. Бұл сома өткен жылға қарағанда екі есеге көп.
— Облыста көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Қазір 541,8 мың тоннаға арналған 153 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 6 қойма іске қосылып, қосымша 70 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік аламыз.
Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Ірі қара мал басы 5,9 пайызға, қой 1 пайызға, жылқы 4 пайызға, ал құс саны 42,5 пайызға өсті. Өңірде 21 мың бас малға арналған 17 тауарлы сүт фермалары жұмыс істейді. Орташа сүт өнімінің көлемі 6 235 келіні құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында 2,2 млрд теңгеге екі ферма кеңейтілді, бұл жылына қосымша 16,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Успен ауданында 500 басқа арналған жаңа ферма салынуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қарастырылған, — деді Әлібек Жайықұлы.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл 2 млрд теңге бөлінген. Оның аясында 193 жобаны жүзеге асырып, 350-ден астам жұмыс орнын ашу көзделуде. Аймағымыздағы агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсімді, өндірістік қуаттың кеңеюін және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігінің артуын көрсетуде.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.