Түркістан – мыңжылдықтар мекені

Қыр 18, 2025

Түркістан – түркі жұртының талай ғасырлық тағдырын сыйдыра алған киелі мекен. Ал сол жерде орналасқан «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі күллі түркі үшін қасиетті орын болып саналады.

Жуырда аталған тарихи әрі мәдени мекемедегі құнды жәдігерлермен павлодарлықтар көшпелі көрме барысында таныса алды. Көрмеде Түркістан өңірінде көне дәуірлерден бері сақталып келе жатқан Шербай, Шипан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар мен Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері, Қожа Ахмет Яссауидің туған жерін және өскен Сайрам-Исфиджаб, Ясы-Түркістан қалалары мен Яссауи шығармалары, ұстаздары мен шәкірттері, ізбасарлары туралы тарихи деректер, Яссауи кесенесінің салыну тарихы, ондағы сирек кездесетін бірегей тарихи мұралар туралы ақпарат беріледі. Көрмеге жалпы 100-ге тарта құнды жәдігер қойылған. Олардың ішіндегі көне еңбектердің бірі – Құран.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты -Түркі халқына ортақ ұлы ғұлама – Қожа Ахмет Яссауидің тарихи болмысы мен мұраларын ұлықтау, шәкірттері мен олардың еңбектерін таныту. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорындағы қайталанбас ерекше жәдігерлерді көпшілік назарына ұсыну, дәріптеу және насихаттау.

— Біз осы көрме арқылы Түркістанның терең тарихын, бай мәдениетін Павлодар тұрғындарына таныстыруды мақсат еттік. Әкелінген әр жәдігер – халқымыздың рухани қазынасының бір бөлшегі. Көрмені тамашалаған әрбір адам бабалардың аманаты мен өткеннің өрнегін сезінсе, біздің еңбегіміздің ақталғаны. Сондықтан мұндай шаралар елдің бірлігін нығайтып, жастардың бойында тарихқа деген құрметті арттырады деп сенеміз.

Мұндай жылжымалы көрмелерді жылына бірнеше мәрте ұйымдастырамыз. Мәселен, осы жылы Қызылорда, Семей қалаларында және Ресей елінің Омбы қаласында өткізген едік. Енді Павлодар қаласында ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта Талдықорған қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков.

Мұрат Тастанбековтің айтуынша, бұл жолы экспозицияны Павлодарда өткізу бекер емес. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары – Шоң би, Торайғыр би жерленген.

— Көрмеде ұсынылған картиналар көшірме болса да, олардың түпнұсқалары майлы бояумен салынған. Онда Яссауи кесенесінің салыну тарихы, зікір дәстүрі бейнеленген. Сонымен қатар, Яссауидің аталары мен әке-шешесінің кесенелері көрсетілген фотосуреттер бар. Ал кітаптарға келсек, олардың түпнұсқалары бізге жетпегенімен, XIX ғасырдағы көшірме нұсқалары сақталған. Бұл еңбектердің ішінде Яссауидің «Диуани хикметі», шәкірттерінің жазбалары көрермен назарына ұсынылған, – деді ол.

Айта кетейік, келушілер бірнеше ғасырдан бері сақталып келе жатқан Құран мен XIX ғасырда қайта жазылған Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани сынды танымал ғалымдардың қолжазбаларын, ерекше үлгідегі картиналарды және шырағдан секілді көне бұйымдармен жақынырақ таныса алады. Көрме 18 қазанға дейін жұмыс істейді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.