Төрт түлік өсіруде асыл тұқымды мал басын көбейтуге көңіл бөлудің тиімділігін шаруалар түсініп келеді. Бұл тұрғыдан мемлекет малды асылдандыруға ұмтылғандарға ұтымды қолдау шараларын да ұсынып келеді. Асыл тұқымды мал сатып алған кезде әр басына бюджеттен субсидия қарастырылған.
Субсидия көбейеді
Облыстық ауыл шаруашы-лығы басқармасының мәліметі бойынша, асыл тұқымды мал сатып алуда оның қайдан әкелінгеніне және малдың сүтті не етті бағытына қарай субсидия көлемі белгіленген. Қазіргі таңда құзырлы министрліктің бекіткен нормативіне сәйкес етті бұқа немесе құнажынды отандық шаруашылықтан сатып алса, оның әр басына
150 мың теңге субсидия беріледі. Көрші Ресей, Украина елдерінен әкелсе, әр басына 225 мың теңге қарастырылған. Ал Америка сынды алыс шет елдерден жеткізілсе, етті бағыттағы әр ірі қара мал үшін мемлекет шаруаға 300 мың теңге субсидия береді. Сүтті сиыр әкелетіндер де субсидиядан құралақан емес. Мәселен, отандық асыл тұқымды ірі қара малға 200 мың теңге, көрші елдерден сатып алынғандарына 225 мың теңге, ал алыс мемлекеттерден жеткізілген сүтті сиырлардың әр басына 400 мың теңге субсидия қарастырылған. Өткен жылы облысқа 2 485 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген. Биыл 227 бас импортталған.
Асыл тұқымды ұсақ мал өсіруге ден қойғандардың да субсидия алып, шығынын азайтуға мүмкіндігі бар. Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсариновтің айтуынша, отандық өндірушілерден сатып алынған қойдың әр басына 15 мың теңге субсидия беріледі. Ал өзге мемлекеттерден әкелінетін қойға 30 мың теңгеден қарастырылған. Сондай-ақ, алыс шетелден жеткізілген асыл тұқымды қошқардың бір басына 150 мың теңге субсидия белгіленген.
Енді алдағы уақытта бұл нормативтерді өзгерту, нақтысы субсидия мөлшерін ұлғайту көзделген. Бұл туралы жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылаған облыс активінің отырысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы шараларға тоқталған облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева атап өтті. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал басын сатып алуды ұзақ мерзімге жеңілдікті қаржыландыру тетігі енгізілмек. «Даму» институты арқылы кепілдік беру шарасы да қарастырылуда. Яғни, мұнда шығынның 80 пайызына дейін мемлекет өз мойнына алмақ. Асыл тұқымды мал басын сатып алғанда берілетін, сондай-ақ сүт өндірісіне үлестірілетін субсидия көлемінің нормативтері ұлғайтылады. Облыс басшылығы саланы дамытудың жоспарланған қолдау құралдары 2030 жылға қарай аймақта ірі қара мал басын 600 мың басқа дейін, ал ұсақ малды 750 мың басқа дейін көбейтуге мүмкіндік береді деп болжап отыр. Сәйкесінше, ішкі нарықты қамтып қана экспорт көлемін арттыруға жағдай жасайды деген сенім бар.
«Игілік»-ке иек артылмақ
Құзырлы басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, 2025 жылы мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 1920 өтінім бойынша 7,7 млрд теңге бөлінген және ол қаражат толық игеріліпті. Бұл ретте, Үкімет субсидиялау арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруды мақсат еткен. Мал шаруашылығын кеңейтуге жұмсалған шығынды арзандату тұрғысынан шаруаларға қолдау көрсету көзделген.
Бүгінгі таңда облыс аумағында асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысатын 168-ден астам шаруашылық тіркелген. Олардың қолында 69 мың бастан астам мал бар. Бұл шаруашылықтарда ет бағытында қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл тұқымдары өсіріледі. Сүт бағытында көбінде шаруалар симментал, голштин, қызыл дала тұқымды ірі қараға басымдық беретін көрінеді.
Асыл тұқымды ұсақ малмен табысын еселеп отырған шаруалар да аз емес. Қазіргі таңда облыста 21 шаруашылық асыл тұқымды қой өсіреді. Бұл шаруашылықтарда барлығы 39 мың бастан астам қой бар. Олар қазақтың қылшық жүнді құйрықты қой тұқымы мен дорпер тұқымды қойын өсіруді жөн көреді.
Асыл тұқымды жылқы өсіруді кәсіпке айналдырған 15 шаруашылықта бүгінде 2,5 мыңнан астам жылқы бар. Қазақтың «Жәбе» тұқымды жылқылары өсіріледі.
Жоғарыда айтқан мемлекеттік қолдаудан бөлек, жуырда Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» атты жаңа бағдарлама басталмақ. Бұл туралы өңірлердің біріне сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Бағдарлама арқылы жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу үшін жеңілдетілген түрде қаржыландыру тетігі қолданылады. Аталмыш жаңашылдық мал басының өсуіне және генетиканы сапалы түрде жаңартуға жол ашады деп күтілуде. Нәтижесінде саланың өнімділігін арттырады деген үміт артылып отыр. Бұдан бөлек, елімізде тамыз айында мал шаруашылығын дамыту үшін жылдық 5 пайзыбен жеңілдік несиелеудің бағдар-ламасы басталған еді. Міне, осы қолдау шаралары малды асылдандыруға асыққан ағайынға айтарлықтай демеу, ілерлеуге себеп болмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.