Жаңа жабдықтармен толықты

Қыр 18, 2025

Железин аудандық ауруханасы тағы бірқатар ірілі-ұсақты жабдықтармен толықты. Олар медициналық қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде.

Аудандық аурухананың мәліметіне сүйенсек, хирургиялық құрал-саймандарды сапалы әрі ұқыпты тазартуға арналған заманауи жабдық – 10 литрлік ультрадыбыстық жуу қондырғысы әкелініпті. Ультрадыбыстық технологиялардың көмегімен тазалау сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ететін көрінеді. Ал бұл науқастардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, медициналық аспиратор жеткізілген. Ол хирургия, акушерлік және гинекологияда кеңінен қолданылады. Осы құрылғы хирургиялық ем-шаралар кезінде өте қажет әрі дәрігерлердің жылдам, тиімді жұмыс істеуіне жәрдемі мол, делінген аурухананың ақпаратында.

Сондай-ақ, ауруханаға науқастарды бақылауға арналған үш монитор жеткізілген. Олар ерекше назар аударуды және қамқорлықты қажет ететін орындарға орнатылған. Атап айтқанда, қарқынды терапия, перзентханаға және қабылдау бөліміне қойылыпты. Бұл мониторлар дәрігерлерге науқастардың жағдайын тәулік бойы қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүрек соғысы, тыныс алуы, қандағы оттегі деңгейі және басқа да маңызды көрсеткіштер қадағаланады. Сенсорлық экранда бұл мәліметтер әрқашан көрініп тұрады. Сәйкесінше, дәрігерлердің сол ақпаратқа сай жылдам әрекет етуіне көмектеседі.

Г.МАҒЖАН.