Шаруалар жарады

Қыр 25, 2025

Астықты өлке Ертіс ауданында күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүргізілуде. Шаруалар биыл өнім шығымды екенін айтады. Көктем мезгіліндегі жаңбыр мен жаз айларындағы ылғал егіннің бітік шығуына әсер еткен.

Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта жалпы аумағы 216,9 мың гектардан дәнді-дақылдар жиналған. Астық ору комбайндары 106,9 мың тонна өнім жинаған. Бұл ретте жалпы ауданы 184,9 мың гектар бидайдың 54,1 мың гектары орылып, бастырылған. Бидайдың өнімділігі гектарына 15,7 центнерді құрап отыр. Кейбір шаруашылықтарда көрсеткіш бұдан да жоғары екенін атап өткен жөн.

22,6 мың гектар аумаққа егілген арпаның 12,9 мың гектары орылған. Аудан бойынша бидай, арпа, сұлының орташа өнімділігі гектарына 14,7 центнерге жетіп отыр. Бұл — соңғы 5-6 жылдағы үздік көрсеткіш.

Бұршақ тұқымдасынан нарықта жоғары сұранысқа ие жасымық жиналуда. Аталған өнімнің 3,1 мың гектары орылды. Жалпы ауданы 78,2 мың гектарға егілген майлы дақылдардан зығыр жиналуда.

Ауданда шөп дайындау жұмысы аяқталды десе де болады. Қазір Қарақұдық, Байзақов, Северный ауылдық округтері тоғайдағы шөпті шабуда. Аудан бойынша жоспарланған 74,9 мың тонна шөптің 73,5 мың тоннасы дайындалған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.