Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының ұйымдастыруымен «Таза орман – таза өлке» атты сенбілік өтті. Оған шарбақтылық тұрғындар белсенді қатысты.
Шара барысында резерват өкілдері мен аудан халқы бірлесіп, өңірді қоқыстан тазартты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орман аумағынан 2 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар жиналып, шығарылған.
— Табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Өлкемізді таза ұстау – табиғатқа деген жанашырлық пен адамгершіліктің белгісі. Осы қағиданы түсініп, сенбілікке өз үлестерін қосқан барлық азаматқа алғыс білдіреміз, — дейді резерват қызметкерлері.
Айтулы шараға мектеп оқушылары да қатысып, өз аумақтарын күл-қоқыстан тазартты.
Н.АҚЫТЕГІ.