Павлодар қаласындағы өзен портында гонконгтық вафлиге салынған балмұздақтың дәмін көрмеген жас жоқ шығар. Әсіресе, қыз-жігіт болып көңіл жарастырған студенттер үшін өте тиімді. Себебі, құны 2000 теңге тұратын вафлиге салынған балмұздаққа екі адам тояды. Көлемі үлкен әрі тәтті печенье, шоколадтармен әдемі безендіріледі. Өзен портында романтикалық кеш ұйымдастырған жастар үшін ерекше заманауи ас десе де болады. Ерекше балмұздақты ұсынып отырған жас кәсіпкер Досжан Мұратбекпен тілдесіп, аз-кем әңгіме өрбіттік.
— Досжан, қазіргі уақытта бір емес, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырғаныңызды білеміз. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
— Кәсіпке деген қызығушылық студент шағымнан басталды. Павлодар қаласына енді келген кезім. Ол уақытта үй алу, ата-анама көмектесу секілді мақсатты жүзеге асыру қиын болды. Нартәуекел деп кәсіп бастадым. Азын-аулақ жиналған қаржыға қаздың балапандарын сатып алып, оларды бордақылап өсірдім. Бірақ құс шаруашылығында тәжірибемнің аздығы байқалып қалды. Бұл кәсіптің жеңіл емес екендігін түсіндім. Алғашқы 4 айда бар қаражатымды осы балапандардың жем-шөбіне жұмсадым. Ол кезде 300 бас қаз болатын. Бірақ тәжірибенің аздығынан қыстың қақаған аязында 300 бас қаздың 80 пайызы қырылып қалды. Осыдан-ақ құс шаруашылығы менің ісім емес екенін түсіндім. Бірақ кәсіптен қол үзбедім.
— Студентте шәкіртақыдан басқа ақша болмайтынын білеміз. Кәсіпке қар-жыны қайдан алдыңыз?
— Алғашқы кәсібіме 50 мың теңге жұмсадым. Оған тәтті мақта даярлайтын аппарат сатып алған едім. Кейін тұтынушы өзі келетін кәсіпті іздей бастадым. Сөйтіп, облыста бұрын-соңды ашылмаған «Waffle_kz» гонконгтық вафли дүкенін ашуды жөн көрдім. Ол уақытта мұндай кәсіп Алматы, Астана секілді ірі қалаларда енді дамып келе жатқан болатын. Бүгінде кәсібіміз тұрақты дамып келеді. Қазіргі уақытта бізден франшиза алып, кәсібін бастаған 40-тан аса сауда нүктесі Қазақстан бойынша жұмыс істеуде. Павлодар облысында гонконгтық вафлиге салынған балмұздақ дүкенінің 4 нүктесі бар.
— Гонконгтік вафлидің дәмі тіл үйіреді. Жасалу жолына тоқталып өтсеңіз…
— Біз ұсынатын балмұздақтың вафлиі қолдан әзірленіп, арнайы пеште пісіріледі. Вафлидің ішіне түрлі шоколадтар саламыз. Түрі өте көп. Вафлиге салынған бал-мұздақты тәтті печенье, ұсақ кәмпиттермен безендіреміз. Бар болғаны 10 минуттың ішінде дайындалады.
— Демалыста анам екеуіміз Мәшһүр Жүсіп орталық мешітіне барған едік. Ауладағы «Karak_kz» кафесі де өзіңіздікі екен. Оны қалай аштыңыз?
— Өзге облыстармен салыстырғанда шаһардағы Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті — қалаға көрік беретін әрі архитектурасы тұрғысынан ерекшеленетін орын. Қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын туристік шаңырақ десек те болады. Мешіттің көрінісі өте әдемі. Сондай көрініске қарап, неге шәй ішетін орын ауласында қарастырылмаған. Түркия елінде тарихи мешіттердің ауласында шәйхана көп орналасқан. Қазір дәмханамызға келетін қонақ көп. Олар таңғы сағат 9.00-ден түнгі сағат 1.00-ге дейін жылдам әзірленетін тіскебасар мен дәмді шай іше алады.
— Әлеуметтік желіде атқа мініп жүрген видеоңызды көп көреміз. Тағы бір кәсіп түріне бет бұрған сияқтысыз…
— Дұрыс айтасыз. Жұмыстан оралған кешкі уақытта немесе демалыста достарыммен атқа мініп, серуендеу үшін 3 жылқы алған едім. Уақыт өте келе сұраныс арта түсті. Содан «Тұлпар» атты ат спорты клубын ашуды жөн көрдік. Қазіргі уақытта ат қорасы салынуда. Қазір 12 ат серуендеуге шығарылады. Келесі жылы олардың санын 30-40-қа арттыру жоспарлануда. Жастарға, отбасыларға, ер азаматтарға көшеде атпен серуендеу арқылы демалыс сыйлағымыз келеді. Сонымен қатар, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін ат терапиясы пайдалы екен. Бұл мәселені де қарастырдық. Осы орайда, ерекше күтімді қажет ететін балаларды атпен серуендету үшін 30 пайыз жеңілдік қарастырылады.
— Кәсіп ашқысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
— Бизнесте жүргеніме 5 жылдың жүзі болыпты. Ұтылған әрі ұтқан кездерім де болды. Кәсіп тәуекелсіз болмайды. Жастарға айтарым, ойға бір кәсіптің идеясы келді ме, бірден бастап кету керек. Себебі, уақыт өткен сайын адамда «Осы саланы аша аламын ба?», «Қаржым осы кәсіпті ашуға жеткілікті ме?», «Кейін оны ілгерілете аламын ба?» деген сынды сұрақтар жиі мазалайды. Сондықтан нартәуекел ету қажет.
— Бірнеше кәсіптің тіз-гінін ұстаған екенсіз. Ісіңіз берекелі болсын!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.