Тауар айналымы өсті

Қыр 25, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өткен аптада Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Виктор Майкомен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Аймақ басшысы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын атап өтіп, өңір Қазақстанның барлық өнеркәсіптік өндірісінің 8 пайызы шоғырланған елдегі ең ірі индустриялық орталықтардың бірі болып табылатынын айтты.

— Біз электр энергиясының 42 пайызын, алюминийдің 100 пайызын, көмірдің 60 пайызын, ферроқорытпаның 58 пайызын және жанар-жағармайдың үштен бірін өндіреміз. Мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорындар облыс экономикасындағы барлық жұмыс орындарының төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр. Агроөнеркәсіптік кешен де белсенді даму үстінде. Біз екінші жыл қатарынан республикада агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялардың көлемі бойынша көш бастап тұрмыз, — деп атап өтті Асайын Байханов.

Кездесу барысында екіжақты сауда мәсе-лелеріне де ерекше назар аударылды. 2024 жылы Павлодар облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 9,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 1,5 млн жергілікті кәсіпорындар өнімдерінің экспортына және 1,8 млн украин тауарларының импортына тиесілі. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсеткіш оң динамиканы көрсетіп, тауар айналымы 5 млн долларға жетті.

Мәдениет саласы да өзара ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі болып қала береді.

— Аймақта 40 мыңға жуық украин ұлтының өкілі тұрады. Тарас Шевченко атындағы украин мәдени серіктестігі белсенді жұмыс істейді. Біз диалогқа әрдайым ашықпыз және бірлескен жобаларды іске асыруға жан-жақты жағдай жасауға дайынбыз, — деп атап өтті облыс басшысы.

Кездесу соңында Виктор Майко жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Украинаның достық, сенім және өзара түсіністік негізінде екіжақты қатынастарды нығайтуға дайын екендігін жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.