Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Қыр 25, 2025

«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай «Астана» мұз сарайында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған өңірдегі өндіріс орындары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және басқа да кәсіпорын өкілдері қатысып, екі қолға бір күрек іздеген тұрғындарға бос  жұмыс орындарын ұсынды.

Игі шараның ұйымдастырылуына «AMANAT» партиясы, «Жастар рухы» жастар қанаты, Еңбек мобильділігі орталығы мұрындық болды.

Павлодар қалалық Мансап орталығының басшысы Сүйіндік Бөтеновтің айтуынша, мұндай жәрмеңке биыл жыл басынан бері төртінші рет өткізілуде.

— Бұл жолғы бос орындар жәрмеңкесіне облыс бойынша отыздан астам кәсіпорын қатысты. Олардың қай-қайсысына да жұмысшы мамандар жетіспейді. Әсіресе, зауыттарға дәнекерлеуші, электромонтер сынды кәсіпті меңгерген азаматтар ауадай қажет. Жалпы, осы шара барысында жұмыссыз азаматтарға 300-ден астам бос орын ұсынылды. Әрине, таңдау – әркімнің өз еркінде. Жәрмеңкеге келгендердің жартысы өздеріне лайықты жұмыс тапты деген үміттемін, — дейді Сүйіндік Бөтенов.

Атап өтерлігі, бос орындар жәрмеңкесіне қатысу-шылардың қарасы қалың. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Әли Қасым:

— Мен биыл ғана колледж бітірдім. Қаржы саласының маманымын. Әзірге тәжірибем жоқ әрі арнайы орта білім ғана алғандықтан бірден жайлы жұмысқа орналаса алмай жүрген едім. Бос орындар жәрмеңкесі өтетінін естіп, жұмыс іздеп келдім. Бірнеше мекемеге түйіндеме қалдырдым. Көп ұзамай әңгімелесуге шақыратын болды. Өзіме лайықты жұмыс табылады деген ойдамын. Осындай шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, — дейді. Жәрмеңкеге қатысқан Жанар Жұматаева есімді келіншек ешқандай дипломы жоқ екенін, дегенмен де ерінбей еңбек еткісі келетіндер үшін жұмыс табылатынына көз жеткізгенін алға тартты.

Ал жұмыс берушілер кез келген адамды қабылдай бермейтінін, яғни өздерінің талаптары барын айтады. Осылай деген Павлодар қалалық полиция басқармасының өкілі, полиция майоры Нұрболат Қанатұлы:

— Біздің мекемеде маман тапшылығы бар. Әсіресе, тергеушілер, патрульдік полиция батальонына және жедел уәкіл мен кезекші бөлімдерге жұмыс істейтін қызметкерлер қажет. Әрине, әрбір адамға есік аша бермейміз. Жұмысқа қабылдаудың өз қағидасы бар.  Мәселен, ішкі істер органдарына 18-35 жас аралығындағы заңгер мамандығы бойынша білім алған жастарды шақырамыз. Оларға талаптарымызды қойып, содан сүрінбей өткендерін еш кедергісіз қатарымызға қосамыз. Бір байқағаным, осы жәрмеңке барысында қызығушылық танытып жатқан азаматтар аз емес. Негізі, бұл салада жалақы жақсы әрі қосымша қолдау шаралары да қарастырылған. Мысалы, басында үйі жоқ полицейлердің пәтер жалдап тұруы үшін мемлекет тарапынан арнайы көмек көрсетіледі, — дейді.

«Крендель» ЖШС-нің менеджері Айнұр Сызаеваның айтуынша, бүгінгі таңда қос қолмен жұмыс істейтін мамандар табу қиындық туғызуда екен.

— Шыны керек, қазіргі жастардың көбі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Шеттерінен SMM сияқты салаға үйір. Ал анау-мынау жұмыс істегілері келмейді, — дейді. Сондай-ақ, ол серіктестікке кондитер, сатушы, кассир, ыдыс жуушы, даяшы, электрик, жүк тасушы, жүргізуші сынды мамандар қажет екенін айтып, мұндай қызметкерлердің орнын толтыру үшін кәсіптік колледждердің студенттерін жұмысқа шақыратынын алға тартты.

Аталған шараға ағымдағы жылы қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жандар да қатысып, өз өнімдерін, бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Олардың қатарында бірқатар аудандардағы кәсібін жаңа бастаған жандар бар. Солардың бірі —
шарбақтылық Бердігүл Құсан өз қолымен тіккен бұйымдарын ұсынды.

— «Бастау-бизнес» бағдар-ламасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібімді бастадым. Өзім кішкентай кезімнен іс тігуге қызығатынмын. Қазір осы бағытты жан-жақты меңгеріп, сырмақ, көрпе, төсек жапқыш, басқа да заттар тігумен айналысудамын. Тұрғындардан тапсырыс та қабылдаймын, — дейді ол. Мемлекеттік қолдауға ие болған шарбақтылық тағы бір кәсіпкер Таңнұр Озат тәтті тағамдар пісіріп сатып, ісін дөңгелетіп отырғанын жеткізді. Павлодар ауданына қарасты Ямышев ауылының тұрғыны, кәсіпкер Тұрсынгүл Нұрқас таза қой терісінен аяқ киімдер тігіп, сатылымға шығарып жатқанын айтты. Ал Павлодар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ботагөз Қасым арнайы құрылғылар сатып алып, киімдерге түрлі жапсырмалар жабыстыру, ыдыс-аяқ пен блокнот, қалталардың сыртына сөздер жазып беру сынды істермен айналысуда екен.

— Мен бұл кәсіп түрін интернеттен көріп, ізденіп, әбден үйреніп алдым. Бұдан соң кәсіп бастағысы келетіндерге көмек көрсетілетінін естіп, «Бастау-бизнес» бағдарламасына қатысуға өтініш білдірдім. Сөйтіп, бүгінде қымбат үш аппарат сатып алып, өз ісімді бастап кеттім. Біздің елде еңбек етуге ниеті бар азаматтарға барлық мүмкіндік қарастырылғаны қуантады, — дейді ол.

Осылайша, бұл жәрмеңкеде жұмыс-сыздарға бос жұмыс орындары ғана ұсынылған жоқ, сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жандардың тәжіри-белері де көрсетілді. Елімізде еңбек еткісі келетіндерге көп мүмкіндіктер бар екені таныстырылды.

Нұржайна ШОДЫР.