Мұрағаттан табылған ақиқат

Қыр 25, 2025

Облыстан шыққан тұңғыш фельдшер Зәкір Жақыпов

Облыс медицинасының тарихында жаңа бет ашылды. Бұған дейін облыстан шыққан алғашқы қазақ фельдшері ретінде Арын Сүлейменовтің есімі аталған болса, архивтерде сақталған құжаттар дәлелдегендей, бұл мәртебе Зәкір Жақыповқа тиесілі екені анықталды. Зәкір Жақыповтың қажырлы еңбегі мен батыл бастамалары өңірдің денсаулық сақтау тарихында айқын көрініс тауып, бұл дерек өңірдің тарихын зерттейтін әрбір адам үшін маңызды жаңалыққа айналары сөзсіз.

Зәкір Жақыпов – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Семей уезінің Денсаулық сақтау және қоғамдық өмір тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі. Оның қызметі қазіргі Павлодар облысының аумағында медициналық көмекті дамытуда елеулі із қалдырды.

Бұл туралы оның ұрпағы Амангелді Жақыпов архивтердегі ұзақ жылдық ізденісі бойынша редакциямызға арнайы келіп баяндады.

— Атам туралы деректерді табу үшін көп жыл бойы осы облыстық пен Семей және Ресей елінің Омбы қаласындағы архивтерді қарадым. Көп еңбектің арқасында оның өмір жолына қатысты тың мәліметтерді таптым. Енді сол ақпаратты оқырманмен бөліскім келді, — дейді шөбересі А.Жақыпов.

Зәкір Жақыпов 1870 жылы Семей уезінің Айғыржал болысында (қазіргі Май ауданы) дүниеге келді. Бала кезінен бастап білімге үлкен қызығушылық танытқан ол орыс-қазақ мектебінде білім алып, 1887 жылы дарынды оқушылардың бірі ретінде Ресей елінің Омбы қаласындағы Орталық фельдшерлік мектебіне оқуға жіберіледі. Оқу орнын 1891 жылы үздікке бітіріп, фельдшер-акушер біліктілігін алады. Оқу кезіндегі жоғары жетістіктері үшін ол Императордың мадақтама қағазына да ие болады. Оның оқудағы жоғары нәтижелерін Ресей елінің Омбы қаласындағы мұрағатта сақталған құжаттан көруге болады. Онда Зәкір Жақыповтың 1887-1888 және 1888-1889 оқу жылдарында оқыған пәндерден алған жылдық және емтихандық бағалары көрсетілген. Бұл дерек С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада орын алған өлкетанушы Мүсәйіп Сыдықовтың «Жәкөле және оның заманы мен замандастары» атты еңбегінде де расталады.

Зәкір Жақыпов өзінің еңбек жолын 1891 жылы Дала генерал–губернаторының бұйрығымен құрылған Баянауыл әскери лазаретінде бастады. Кейін араға 11 жыл салып, яғни 1902 жылы Семей облыстық дәрігерлік инспекторының өкімімен Павлодар уезінің 3-інші учаскесінің фельдшер-акушері қызметіне тағай-ындалды. Бұны Семей қаласының архивінен табылған 1902 жылдың 14 наурызында №569 бұйрықпен шыққан құжат дәлелдейді. Онда: «Осы жылдың 14 наурызындағы Жарлығымен осы жылдың 15 наурызынан бастап Омбы орталық фельдшерлік училищесінің курсын бітірген Зәкір Жақыпов Павлодар ауданының 3-інші учаскесінің акушер-фельдшері лауазымына уақытша қабылданды. Бұл туралы ақпарат үшін үлкен алғысымды білдіремін» деп жазылған.

Зәкір Жақыпов жалпы аурулардың және жұқпалы аурулардың алдын алуға ерекше назар аударды. Әсіресе сол кезеңде белең алған шешек ауруына қарсы екпелерді салған. Сол екпенің арқасында көп адам аман қалған. Ал оның Парижден келген адал көмекшісі, жезден жасалған микроскоп жаңа білім мен емдеу әдістеріне ұмтылудың белгісіне айналды.

Ол Ресей елінің Томск қаласындағы Сібір мемлекеттік медицина университетінде осы бағыттарды терең зерттеп, белсенді жұмыс істеді. Жыл сайын өзара тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру және медиа-құжаттарды сатып алу үшін сол жерге барған. Оның күш-жігері аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға және ауыл тұрғындары арасында жұқпалы аурулардың төмендеуіне ықпал етті.

Зәкір Жақыпов дәрігерлік қызметтен басқа қоғамдық өмірге белсене араласты. 1910 жылы ол Кеңтүбек болысының (қазіргі Май ауданының Кеңтүбек ауылы) болысы болып, 1918 жылдың қаңтар айында Семей уездік Земский жиналысының депутаты болып сайланды. Келесі жылы Кеңес өкіметінің құрылу кезеңінде денсаулық сақтауды реформалау процестеріне араласты. 1920 жылдың қаңтарынан бастап Семей губерниялық революциялық комитетінің қаулысы бойынша облыста медициналық қызмет көрсетуді дамытуға тікелей қатысады және ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер желісінің құрылысына белсенді қатысты. Оның күш-жігерінің арқасында облыстың Бесқарағай, Лебяжье, Май ауылдарында және басқа да елді мекендерінде медициналық мекемелер ашылды.

Оның кәсіби қызметіндегі маңызды оқиғалардың бірі 1924 жылдың 7 желтоқсанында Павлодар қаласында өткен 5-інші медициналық съезге қатысуы болды. Бұл оқиға оның аймақтағы медициналық қауымдастық арасындағы беделінің дәлелі болды.

Зәкір Жақыпов 1931 жылы қайтыс болып, Май ауданының Қызыл Еңбек ауылында жерленді.

Ал 1993 жылдың 20 шілдесінде облыстық «Қызыл ту» газетінде (қазіргі «Saryarqa samaly») жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Өткендердің еңбегі – болашаққа мұра» атты мақаласында Баянауылдағы тұңғыш әкімшілік-округтің ашылуына 160 жыл толуына орай Баянауылдың кіреберісіне қойылатын тасқа бірнеше тұлғаның есімін беруін ұсынады. Ондағы аталған тұлғалардың арасында осы Зәкір Жақыповтың да есімі бар болатын.

Зәкір Жақыпов – облыстағы алғашқы фельдшер ретінде медицина тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның еңбегі мен қайраткерлігі болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Айдана БОРАНБАЕВА.