Облысымызда 2022 жылдан бері игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 940,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның 605,6 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Яғни, жер кәдеге жаратуға ниеттілерге берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді әділ түрде қайта бөлу арқылы айналымға енгізуді құзырлы органдарға тапсырды. Қазіргі таңда аймағымызда да осы бағытта жұмыс-
тар жалғасуда. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, басқарма қайтарыл-
ған жерлерге талдау жүргізген.
Жоғарыда қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген 605,6 мың гектар жердің басым бөлігі шаруа мен фермерлік қожа-лықтарға, сонымен қатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне беріліпті. Тағы бір бөлігі халықтың мал жаю қажеттіліктеріне бекітілген. Сонымен қатар, қайтарылған жерлердің 7,3 мың гектары инвестициялық жоба – қант зауытының құрылысына резервке қойылыпты. Ал қалған 327 мың гектар жерді бөлу процесі жалғасуда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын жедел орындау мақсатында әкімдіктер элек-трондық конкурс рәсімдерін күтпей-ақ қайтарылған жерлерді шөп шабуға және қоныс аударушыларды орналастыруға конкурссыз ұсынуға құқылы. Маңызды бағыттардың бірі – жайылым тапшылығын шешу. Халықтың жеке қосалқы шаруашы-лықтарындағы малдарын жаю қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қайтарылған жерлерден жайылымдарды резервке қою немесе оларды жайылым тапшылығы бар ауыл әкімдеріне бекіту ұсынылады. Бұл үшін жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларына түзетулер енгізу
қажет, – деді Мұрат Хамитов.
Мемлекет басшысы жер бөлуде цифрлық форматты электронды конкурс негізінде қолдану қажеттігін атап өтті. Алайда, мамандар қазіргі таңда бұл тетікті қолдануда белгілі бір тәуекелдердің барын алға тартуда. Мәселен, электронды конкурстар өткізу ережелері әзірше ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітпеген. Облыс әкімдігі тиісті нормативтер жобасы бойынша орталық мемлекеттік органға ұсыныстарын жолдапты. Мұрат Қабылжапарұлының айтуынша, тағы бір қосымша міндет бар. Ол – конкурстар өткізуге қажетті жерге орналастыру жобаларын әзірлеу. Бұл қала-аудан әкімдіктерінен жұмыс қосымша қаржыландыруды талап етеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.