Ағашорын ауылындағы «Замандас» шаруа қожалығының шаруалары астық дақылдарын жинауды аяқтаған. Диқандар қамбаны бидай, арпа, сұлы, арпа, зығыр мен жасымыққа толтырған. Жақында күнбағыс тұқымын жинауға кіріспек.
«Замандас» шаруа қожалығының негізін сонау 1997 жылдары кәсіпкер Балғабай Бакишев қалаған. Әу баста 2,5 мың гектар жерге егін еккен қожалықтағы егістік көлемі 12 мың гектарды құрап отыр. Бұдан бөлек, етті бағытта ірі қара өсіреді.
Ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар Балғабай Бакишев қиын кәсіпке ұлдарын да баулуда. Дәурен мен Дәулет әке жолын қуып, бірі қожалық басқарса, екіншісі агроном болып еңбек етеді. Күн сайын егістік даласында күзгі жиын-терімнің басы-қасында жүрген Дәулет Бакишев тамыз айында жауған толассыз жауын өнімнің сапасына әсер еткенін айтады.
— 12 мың гектар аумақтың 5 мың гектарына майлы дақылдар, 5 мың 300 гектарға бидай, қалған алқапқа дәнді дақылдар себілген. Биыл егіннің шығымы жақсы. Өкінішке қарай, сапасы көңілден шықпайды. Оған астық дәл піскен уақытта жауған жаңбыр әсер етті. Бұл жағдай өнім бағасының түсуіне әкелді. Мәселен, бидайдың құны 60-65 теңгеге дейін азайды. Бұған дейін жасымықтың құны 220-230 теңге болса, қазір баға 130-140 теңгені құрап отыр. Табиғаттың тосын мінезін алдын ала болжай алмайтынымыз — ақиқат. 3-4 қазанда күнбағыс тұқымын жинауға кірісеміз. Бастысы, ауа райы кедергі келтірмесе болғаны, — дейді Дәулет Бакишев.
«Замандас» шаруа қожалығында жұмыс істеп жүрген жұмысшы маман көп. Бұл ретте механизатор Владимир Кашканның еңбегі зор. Ол «Замандас» шаруа қожалығында 1997 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Тәжірибелі маман мектепті бітірген бойда еңбек жолын трактордың көмекшісі болып бастаған. Ол астық өсірумен айналысатын диқан болуды армандаған. Екі жыл әскер қатарында Отан алдындағы міндетті атқарғаны болмаса, шаруашылық саласынан қол үзбеген. Аудан бойынша үздік механизатор. 2018 жылы ҚР Ауылшаруашылық министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шаруашылықта адал еңбек етіп жүргендердің қатарында жүк тиегіш операторы Талғат Бекболатов та бар. Ол 10 жылдан астам уақыт еңбек етеді. Арнайы техникамен өзіне жүктелген жұмысқа мұқият қарайды. Шаруалар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым еңбек адамдарына көңіл бөлініп, қызметі дәріптеліп жатқанына қуанады.
«Замандас» шаруа қожалығының негізін қалап, жұмысшыларды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған Балғабай Бакишев Омбы автокөлік техникумын, Киров атындағы Омбы ауыл шаруа-шылығы институтын бітірген. Оқуды тәмамдаған соң, ауылға келіп, көлік гаражын басқарып, бас инженер болып еңбек еткен. Кәсіпкер ауылдағы азаматтармен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылға жарық тартып, мектеп, дәрігерлік бөлімшенің жұмыс істеуіне бір кісідей атсалысқан жомарт жан.
— Жастайымнан ауыл шаруашылығы саласын жақсы көрдім. Мамандық меңгердім. Шаруа қожалығын аштым. Отбасылық кәсіпті балаларым игеруде. Екі ұлым да әке жолын қуып, маған қожалықта қолғабыс етуде. Қазір
жұмыс істеймін деген жастарға ауылда да мол мүмкіндік бар, — дейді
кәсіпкер.
Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Ертіс ауданы.