Өткен аптада өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, ондағы егін шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлермен кездесті. Жиын-терім жұмыстарын көзімен көріп, ауқымды инвестициялық жобалармен таныс болды.
Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, биыл осы өңірдегі егін жинау алаңы 95 101 гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,8 мың гектарға артық.
— Дақылдарды әртараптандыру жөніндегі тапсырмаңыз бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, майлы дақылдар 6,8 мың гектарға, картоп аумағы 1800 гектарға ұлғайды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арзандатылған дизель отынымен қамтылды. Өтінімдер бойынша 3011 тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның 72 пайызы төленді. Ағымдағы жылы суармалы учаскелерді енгізу бойынша қосымша 936 гектар жер пайдалануға берілді. Ал 2026 жылы 1500 гектарға 2 жоба жүзеге асатын болады. Болашақта суармалы егіс алқабы 18 мың гектарға дейін жетеді деп жоспарлануда. Сол арқылы өнімділікті арттырып, егістік көлемін кеңейтуге мүмкіндік тумақ, — деді Дидар Ибраев. Оның айтуынша, осы жылы аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 1,6 млрд теңгеге 42 бірлік техника сатып алынған. Атап айтқанда, 5 комбайн, 25 трактор, 12 аспалы жабдықпен толыққан.
Жалпы, бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 80 пайызы, көкөністердің 70 пайызы жиналған. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда әрі үнемі бақылауда, деді аудан әкімі.
Аймақ басшысы «Агросоюз» фермерлік шаруашылығына тиесілі егістікке ат басын бұрды. Аталмыш шаруа қожалығының басшысы Сергей Тилиннің айтуынша, биыл 570 гектар жерге картоп, 30 гектар аумаққа сәбіз, 170 гектарға майлы шалғам егілген. Қазіргі таңда 470 гектар жердегі картоп алынған. Сәбіз жинау жұмыстары енді басталмақ. Ал майлы шалғамдар топырақты құнарландыру мақсатында ғана қолданылады, дейді шаруа қожалығының басшысы. Оның сөзіне қарағанда, жалпы күтілетін өнім көлемі 24 тонна деп болжануда. Бұл шаруа қожалығының басты ерекшелігі – чипсы сұрыпты картоп егіп, экспортқа шығарады.
— Өз өнімдерімізді «PepsiCo» компаниясына өткіземіз. Аталмыш халықаралық корпорациямен 2017 жылдан бері тығыз қарым-қатынастамыз. Біздің өнімдер сұранысқа ие деп айта аламын. Мәселен, бүгінде чипс дайындауға арналған картоптың екі түрін, яғни «Ньютон» және «VR 808» деген сұрыптарын егеміз. Осы сортта қант мөлшері аз, ал крахмалы көп болып келеді. Сол үшін де сапасы жоғары. Ендігі мақсат – чипсы сұрыпты картоптарды бірнеше күннің ішінде тезірек жинап алу, — дейді Сергей Тилин. Әйтпегенде, аяқ астынан күн суытып кетсе, өнім сапасын жоғалтуы мүмкін.
Егіс алқабында картоп пен сәбіз жинайтын арнайы комбайндар жұмыс істеуде. Қожалық соңғы рет көпфункционалды, бағасы да қолжетімді қытайлық ауыр техникалармен толыққан екен.
Бұдан кейін облыс әкімі күнбағыс, бидай өсірумен айналысатын «Смағұлов» шаруа қожалығына барды. Бұл қожалық биыл 3 мың гектардан астам алқапқа егін еккен. Оның ішінде 2300 гектар жерге күнбағыс, ал 800 гектарға бидай салған. Қазіргі таңда жиын-терім жұмыстары қызу жалғасуда. Жалпы, алынатын өнім көлемі 5 мың тоннадан асады деп күтілуде. Шаруа қожалығының директоры Рүстем Смағұловтың айтуынша, гектарынан 20 центнерге дейін өнім алуда. Яғни, егін бітік шыққан. Иелігінде 11 трактор, 5 комбайн, 8 аспалы жабдық бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетуде екен. Сөз арасында аймақ басшысы алдағы уақытта ауданда май өңдейтін бірнеше зауыттың салынатынын айтып, майлы дақылдарға деген сұраныс артатынын жеткізді.
Астықты аудандағы сапар барысында Асайын Байханов инвестициялық жобалармен танысып, инсвесторлармен жүздесті. Биыл осы өңірде инвестициялардың жоспарланған көлемі 23,3 миллиард теңге деп көзделуде. Жыл басынан бері, яғни өткен сегіз айдың ішінде бұл көрсеткіш 18 миллиард теңгені құраған. Облыс әкімі бұл бағытта атқарылған іс-шараларға оң баға берді.
— Жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалып тұр. Инвестиция көлемі де едәуір өскен. Өткен тоғыз айдағы нәтиже 20 миллиард теңге болса, жыл соңына дейін 23 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл — жоғары көрсеткіш, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – Кемеңгер ауылында «Jielong Holdings» ЖШС салып жатқан май экстракциясы зауытының құрылысы. Кәсіпорын жылына 120 мың тонна шикізат өңдеп, 4 миллиард теңге инвестиция тартуды көздейді. Бұл жоба аясында кемінде 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталмыш компания директоры Ки Ки осындай жобаның жүзеге асуына жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын қуана айтты.
— Бізге зауыт құрылысын салу кезінде коммуникациялық мәселелерді шешуге үлкен көмек көрсетілді. Соның нәтижесінде ісіміз алға басуда. Қазір жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Барлық жұмысты ойдағыдай аяқтап, келесі жылы өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бастамамызға әрдайым көмек қолын созып отырған облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін, — деді ол.
Ал осындағы «Кемеңгер-май» ЖШС жылына 60 мың тонна күнбағыс тұқымын өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 2 миллиард теңгені құрайды. Аталмыш кәсіпорын болашақта 30-ға тарта адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Компания басшысы Ибрагим Халяпов өндіріс орнын ашу үшін осы өңірге Шығыс Қазақстан облысынан отбасымен бірге қоныс аударғанын айтып, жергілікті биліктің бизнесті қолдауға жасап жатқан мүмкіндіктеріне алғысын білдірді. Бұдан бөлек, ауданда тағы да 4 жоба жүзеге асырылмақ. Оның екеуі көкөніс сақтау қоймаларын салуға арналған.
– «AGROZHER 2017» ЖШС сыйымдылығы 15 мың тонналық көкөніс қоймаларын салуда. Ағымдағы жылы 3 мың тонналық бөлігі пайдалануға берілетін болады. Ал «ЫРЫС ПВ» ЖШС 10 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын тұрғызуда. Жобаның құны 2 млрд теңгені құрайды, — дейді Дидар Ибраев.
Облыс әкімі фермерлерге көкөніс сақтайтын қоймалардың кем дегенде 10 пайызын мұздатқышпен жабдықтау қажет деген ойын білдірді. Себебі, өңірдегі қоймалар желдеткіш арқылы сыртқы ауамен салқындатылып жатқандықтан, көкөністер көктемге дейін ғана сақталатын көрінеді. Сол үшін мұздатқыш қоймалардың көлемін арттырудың маңызы зор, деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында инвесторлар жаңа жобаларға инфрақұрылым тарту қажеттігі туындайтынын тілге тиек етті. Бұл мәселелер бір күнде емес, кешенді түрде шешілетінін айтқан Асайын Байханов:
— Кәсіпкерлерді қолдап, инвестиция тарту — стратегиялық мақсаттарымыздың бірі саналады. Сондықтан қолдан келгенше қолдау көрсетіледі. Ауылдық жерлерде ашылып жатқан жаңа өндіріс орындары ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтумен қатар, өнімдерімен өңірдің экономикасын көтеруге септігін тигізетіні сөзсіз, — деді.
Жарқын жүздесу соңында облыс әкімі Павлодар ауданындағы егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарына жиын-терім жұмыстарын кешіктірмей аяқтап, алған өнімдерін дұрыс сақтап, еңбектерінің жемісін көруге тілектес екенін айтты. Сондай-ақ, аудандағы жаңа жобалардың ойдағыдай жүзеге асуы үшін инвесторларға деген қолдау шаралары да назардан тыс қалмауы қажет екенін тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР, Павлодар ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.