Еліміздегі әрбір бесінші жеткіншек буллингтің құрбаны болады екен. Статистикалық деректердің дәлдігіне сүйенсек, бұл жағдай көбіне 11-15 жас аралығындағы балалар арасында орын алады. Буллинг кез келген ортада, отбасында, қоғамдық орындарда, әсіресе мектепте жиі кездеседі. Осы бір жайттың кесірінен көптеген жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап үлгерген. Жасөспірімдерді қалай құтқармақ керек?

 

Зерделеп қарасақ, буллингтің небір түрі бар. Физикалық қысымды былай қойғанда, балалар арасында бір-біріне психологиялық жәбір көрсетіп, кемсітіп, шеттету әдетке айналған. Мұндайда міндетті түрде құрбанның үнсіздігі мен мықты жақтың агрессиясы көрініс береді. Психологтардың айтуынша, буллингке ұшыраған немесе әлдекім ренжіткен балаларда психосоматикалық өзгерістер пайда болады. Олардың тәбеті қашып, ұйқысы тұрақсызданып, не нәрсеге болсын қызығушылығы төмендейді. Ал буллинг жасап, біреуді кемсітуге құмар балалардың психологиялық ахуалына үңілсек, бәрі айдан анық. Олар сол қоғамдағы белді-беделді топтың қатарында болғысы немесе өзге бір жанды кемсіту арқылы өзінің дәрежесін көтергісі келетіндіктен, осындай қысым көрсету әрекеттеріне барады. Әдетте, мұндай жеткіншектер ата-ана, бауыр, дос тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбегендіктен теріс қылықтар жасауға бейім. Жасөспірімдердің өзге жеткіншектерге әлімжеттік көрсетуі өздері үшін қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Мектепте басталған буллингті қарсы тарап әлеуметтік желіде де жалғастыруы ғажап емес. Өз қатарластарынан көп қысым көрген жәбірленуші жеткіншек көпшілік ортадан оқшауланып, адамдармен қарым-қатынас мәселесі нашарлайды. Қоғамды бұл дерттен дер кезінде айықтырмаса, жасөспірімдерде психологиялық проблемалар орын алып, оның соңы суицидпен аяқталуы мүмкін. Ең сорақысы қоғамда варварлық мінез қалыптасып, болашақ азаматтардың болмысы бұзылып, тұлғалық қалыптан таю қаупі зор. «Баланы — бастан» деп қазақ халқы айтқандай-ақ, балам жақсы болсын десеңіз, оның тәрбиесіне жіті назар аударыңыз. Күйбең тірлікпен жүрген ата-аналардың біршамасы баласын материалдық тұрғыда қанағаттандырғанымен, оның қоғамдағы орны мен қарым-қатынасы жайлы сұрап, бағыт-бағдар берудің орнына сабақ үлгерімін ғана тексеріп, асыраушы мен қадағалаушы рөлінен әрі аса алмай жатады. Әрбір бала үшін ата-ананың рөлі үлкен. Осы орайда, ата-аналар баласына дұрыс көңіл бөліп, қатарластарымен, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы туралы ашық сөйлесіп, күнінің қалай өтетіндігі жайлы әңгіме-дүкен құрып, жақсы сырлас бола білгені жөн. Балаңыздың ұялы телефонына да қадағалау жүргізу орынды ма деп ойлаймыз. Әрине, қысым көрсету арқылы емес, бәрі өзіңіздің ыңғайыңызға байланысты. «Қара қазан, сары бала қамы» деп жүріп, балаңызға ата-аналық қамқорлықтың қажет екендігін естен шығарып алмаңыз. Ендігі кезек — жеткіншектердің қарым-қатынас траекториясы. Буллинг орын таңдамайды. Ықтималды орта — мектеп. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ кей білім беру орындарында мектеп директоры, мұғалімдер үшін оқушылардың бірін-бірі қорлап, кемсітуі — үйреншікті жайт. Кейде екі баланың арасында төбелес орын алып, ата-аналардың біреуі шағымданып жатса, ұстаздар қауымы баланың балалығын алға тартып, сөзден қашады. Бұл дұрыс емес. Әрине, балаға білім беру — міндет. Алайда оны адам қылып тәрбиелеу — басты парыз. Сондықтан, оқушыларға психологиялық көмек көрсетілгені жөн. Сынып жетекшілері де бұл жердегі өзіндік рөлінің маңызын ұмытпағаны дұрыс. Сол себепті, мектептегі психологтар міндетін оқушылардан сауалнама алу арқылы атқарғаннан гөрі балаларға әртүрлі психологиялық тренинг-коучтар өткізіп, бақылау жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал сынып жетекшілері балалардан келген шағымға атүсті қарамағаны жөн. Өскелең ұрпақты өседі деп өбектеу емес, өшеді деп қорқу қажет. Жай ғана олардың сөзіне мән беріп, көңіл қоя тыңдап, талаптарына назар аударсақ, оларды бір-бірін шетке шығарып, қорлауынан сақтап, одан да өткен сорақы жайттардың алдын алуға зор мүмкіндігіміз бар деп білеміз.

Әйгерім МҮЛІКҚЫЗЫ,

Әлкей Марғұлан университетінің студенті.