Қазіргі жастардың көпшілігі шекара асып, тағдырын технологиясы дамыған шетелдерде сынап көргісі келеді. Соңғы жылдары бұл тақырып әлеуметтік желілерде де жиі талқыланып жүр. Бұл мәселе жайында желідегі белсенді азаматтар тобының пікірі екіге бөлінді. Бірі – жастардың шетелге барып, тәжірибе жинауы керек десе, бірі өз елімізде де түрлі мүмкіндіктер бар дейді. Осыған қарап «Жастар неге шетелге құмар? Неге өзге елде қалып қояды?» деген сауалдар туындайды. Олар өз елінен неге орын таба алмай жүр? Елімізде білім беру сапасының кемшін
тұстары бар ма?

Айдана БОРАНБАЕВА

Статистика не дейді?

 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр алғашқы бес айда 8436 адам кетсе, биыл алғашқы бес айда 9862 адам елден көшіп кеткен. Яғни биыл былтырға қарағанда кеткендердің саны 1426 адамға артқан. Ал Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, елден біржола кететін әрбір үшінші адам – этникалық қазақ. Эмигранттардың төрттен бірі  – жастар (15 жастан 28 жасқа дейін). Ал елден кететіндердің басым көпшілігі (77 пайыз)  – жоғары білімді адамдар. Азаматтардың көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне қоныс аударады екен. Бұл – тіркелген ресми дерек. Бұдан бөлек, ресми статистикадан тыс туристік немесе іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетел асып кеткендер бар. Олардың санын қоссақ, көшкендердің саны бірнеше есе артуы ықтимал. «Азаттық радиосы» 2019 жылы Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның «Орталық Азия елдері жастарының сыртқы миграциясы: тәуекелді саралау және негативті салдарды азайту» атты зерттеудің қоры-тындысын жариялаған. Бұл зерттеу шетелде тұратын әрі сонда білім алып жүрген қазақстандық жастар арасында жүргізілген онлайн-сауалнамаға негізделген. Онда азаматтардың отанынан басқа елге қоныс аударуының негізгі 7 себебі атап көрсетілген. Олар:

– барлық деңгейдегі жемқорлық пен бюрократия, шенеуніктердің жауапсыздығы мен жазасыз қалуы, мемлекеттік басқарудың тиімсіз жүргізілуі – 51,3 пайыз;

– кәсібі бойынша жұмыс таба алмау, өсіп, дамуына мүмкіндік жоқтығы – 31,3 пайыз;

– елдің нашар дамуы, қоғамның бұрынғы мәдениет үлгілеріне еліктеп, ескі дәстүрлерге берік болуы – 27,5 пайыз;

– өзінің, балаларының болашағын ойлау – 26,3 пайыз;

– жұмыссыздықтың көптігі, жалақының аздығы, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы – 23,8 пайыз;

– медицина мен білім сапасының төмендігі – 23,8 пайыз;

– адам құқықтарының жиі бұзылуы – 21,3 пайыз.

Жастар не дейді?

Жастардың көбі елден кетуге негізінен үш себепті, атап айтқанда жұмыссыздық пен жалақы мәселесі және білім сапасын алға тартады. Оған қазақстандық жастардың пікірі дәлел бола алады. Қазір Түркияда білім алып жатқан Мадина Жанғазы былай дейді:

– Түркияда оқып жатқаныма үш жыл болды. Анкара университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Бізбен бірге барған қазақстандық жастар өте көп. Көбінің осы жақта қалу немесе белгілі бір уақытқа дейін Түркияда тұрып көру деген секілді мақсаты бар. Оның себептері де жоқ емес. Бірінші себеп – жоғары білімнің қолжетімдігі дер едім. Яғни, ақылы бөлімде оқитын болсаңыз, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына төленетін ақымен мұндағы ақының айырмашылығы үлкен. Екіншіден – өмір сүру арзан. Қарапайым ғана мысал, біз магистратурада 80 мың теңге шәкіртақы алатын болсақ, бұл жақта емін-еркін өмір сүре аламыз. Қосымша жұмыс істеудің қажеті жоқ. Осы қаржы күнделікті тіршілікке, киінуге, пәтерақыға, азық-түлікке, тіпті саяхаттауға да жетеді. Ал Қазақстанда мұндай қаржыға өмір сүру қиын. Жайлы өмірге үйреніп қалған жастар елге қайтқысы келмейтіні рас. Бірақ, менің ойымша, елге қаншалықты ерте келсек, соншалықты жақсы. Өйткені түбі елге оралатындықтан, оқуды бітірген соң елге қайтуды жөн деп санаймын, – дейді ол. Ал мұхит асып, бір жылға жуық АҚШ-та тұрып келген Тәуірбек Жұмабергеннің пікірінше, қаржы – негізгі себеп емес.

– Бұл – бүгінгінің ең өзекті тақырыбы. Бізде көпшілігі бірінші себеп ақша дейді. Жоқ, ақша емес. Себеп болып отырған нәрсе елдегі бейресми жүйенің күшейіп, күннен-күнге бел алып жатқандығы. Мысалы, сіз мектепте еден жуушы болып жүріп, өзіңізді 10 жылдан кейін бір алып компанияның басшысы ретінде елестете аласыз ба? Күлкілі, иә?! Шетелде болсаңыз, оның ішінде Америкада тұрсаңыз, елестетпек түгілі, сеніммен жар саласыз. Екінші себеп –
білім жүйесінің әлсіздігі. Жастар сапалы білім алу үшін ақылы түрде оқудан да тайынбайды. Білімді де шет жақтан алғысы келеді. Дамыған елдерде грант деген атымен жоқ. Студенттер ақылы орынға таласады. Ал бізде грант деген дүниені алып тастаса, не болатынын жақсы білесіз, –
дейді Тәуірбек.

 

Шетелдегі мүмкіндіктер

Дәл қазір Нью-Йоркта тұрып жатқан Ербол Молдажанов мұхит асқан жастарды үш топқа бөліп, жіктеп берді.

– Бүкіл жастар атынан сөйлеуге еш құқығым жоқ. Алайда ел сыртында жүріп, көрген-білгенімді, қазір өзім жүрген АҚШ шеңберіндегі оқиғаларды айтуды жөн санадым. Мұхиттың бер жағына ағылған жастарды бірнеше топқа бөлуге болады.

Білім. Бірінші топқа білім іздеушілерді шығарайық. Иә, шетелге көптеген жас оқу, өзін дамыту мақсатында көз тігеді. «Болашақты» былай қойғанда, басқа да неше түрлі бағдарламамен білім алуға жиналған жандар көп. Елімізде орта білім жаман емес дейтіндердің өзі ЖОО деңгейіне көңілі толмайды. Саусақпен санарлық университет кімге жетеді? Жалпы білім, технология саласында Американың бәсі жоғары екені белгілі ғой. Әлемнің үздік университеттерінің басым бөлігі осында орналасқан. Сапалы білім жақсы өмірге жолдама екенін бәрі сезеді. Мықтылардың ортасында бәсекеге түсіп шыңдалуды, тәжірибе жинауды кім қаламасын?!

Жұмыс. Қаржылық әл-ауқатын жақсартуды көздеген жандарды екінші топқа жатқызар едім. Олар өз білімін жоғары баға бере алатын нарықта саудалағысы келеді. Бұл бөлімге жан қалауындағы жұмыспен айналысқысы келгендерді де қосар едім. Мысалы, сіз электромашина құрастырғыңыз келсе, біздің елде ол мүмкін бе? Жауабын өзіңіз білесіз. Мүмкін десеңіз де, қиындау. Ал дамыған елдерде оны жүзеге асыруға жағдай жасалған. Білімі асып тұрмаса да, уақыты мен күшін шетелде қара жұмысқа арнау арқылы қарыз-несиесін жауып, тұрмысын жақсартқысы келетін азаматтар да осы санатта.

Болашақ. Үшінші топқа дүниесі түгел, табысы жақсы болса да, саяси еркіндікті, өркениетті қоғамды қалайтын жандарды қояйық. Яғни теңдік орнаған, әлеуметтік саты жақсы жұмыс істейтін меритократиялық қоғамда өмір сүргісі келетін жастар. Жағымпаздық, таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі әлі де өзекті. Біздің қоғамның кем-кетігіне өзі көз жұмғанмен, балаларының болашағына алаңдап, олар жаңа қоғамда өмір сүрсін дейтін жандарға да осы санаттан орын бергім келіп тұр. Таяғы жуандар бизнесін тартып алған тағдырларды да көрдім.  Мемлекет жақсы білім беріп, түгелдей жұмыспен қамтып, болашағыңа алаңдама, өзім кепіл боламын десе, шетелге кетіп несі бар?!

Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы. Уақыт тоқтамайды. Ал адам бойындағы энергия, ресурс шектеулі. Соны жас кезде дұрыс бағытқа жұмсап, егде тартқанда қызығын көрсем дейтін жастардың көбеюі заңдылық деп ойлаймын. Американы аңсау ауылда жатып, Алматыны армандау сияқты дүние ғой. Ал Алматыға келгенмен шаруа бітпейді, орнығып, орын табу бар. Сол сияқты Америкада жүргеннің бәрінің көсегесі көгеріп жатыр деп айта алмаймын. Күніне жақсы ақша тапқанмен, мақсатсыз жүріп, өмір реңкін жоғалтып алғандар да бар. 200 дол-
лармен келіп, миллионерге айналған адамдарды да кездестіруге болады. Екі жақта да дұрыс әрекет ету керек. Айырмашылығы, мұнда мүмкіндік көбірек, – дейді АҚШ-та жүрген қазақ баласы. Тағы бір ресми деректерге қарағанда, Ресейде 69 мың, Қытайда 17,6 мың, Оңтүстік Кореяда 1,6 мың, Ұлыбританияда мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр екен. Олардың қаншасы елге қайтқысы келетіні де үлкен зерттеуді қажет етеді. Осы ретте шетелге кеткендердің бәрінің жағдайы жақсарып, төрт құбыласы тең боп кетпегенін айтқымыз келеді. Мұны шетте жүрген қазақстандық азаматтар да жоққа шығармайды. Бұл жайлы халықты еңбекпен қамту, елді әлеуметтік қамсыздандыру саясатымен айналысатын мекемелер мен ұйымдар тарапынан көбірек түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, оқуын бітіріп, дипломын қолына алған маман жұмысқа тұрып, жалақысына еркін өмір сүріп, бойындағы әлеуетін толық пайдалана алуы тиіс.

 

Түйін:

Айта берсек, күрмеуі шешілмеген мәселе көп-ақ. Бізді алаңдататыны – елден кететіндер санының жыл сайын артуы. Оның ішінде білімді жастардың кетіп жатқаны қоғамымыздың әр саласына жаңашылдық пен өзгерістің керек екенін көрсетеді. Ел ішін қанша жемқорлық, жағымпаздық пен таныс-тамырлық жайласа да, біздің Отанымыз біреу екенін және оның егесі сіз бен біз екенін ұмытпасақ екен дейміз. Біз мұнымен ел саясатын сынап, барымызды жоққа шығарудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, әуелі елде әлеуметтік әділдік пен заңның үстемдігі салтанат құруы тиіс. Бәлкім, жастардың отансүйгіштігінің алғышарты осы болар…