Бес азамат бостандыққа шықты

Қаз 16, 2025

Бұған дейін елімізде сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды, олардың бөліктерін сақтап, тасымалдаған азаматтарға қатаң жаза қолданылып келді. Тіпті, миллиардтаған айыппұл салынып, 7-8 жылға дейін бас бостандығынан айырылып жатты. Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Заңның аталмыш бабына өзгерістер енгізіліп, жаза едәуір жеңілдеді.

Өкінішке қарай, бүгінде браконьерлік жолмен аң-құс аулап, өсімдіктер жинап, темір тордың ар жағына тоғытылып жатқан азаматтар аз емес. Қолына қару алып, ережелерді елеместен заңды белшесінен басқан мұндай жандарға шынымен қатаң жаза керек-ақ. Дей тұрғанмен, киіктің мүйізін тауып алып, оны білместіктен сақтаған, сирек кездесетін өсімдіктерді де сол білместіктің салдарынан жинаған тұрғындар да бар. Осы уақытқа дейін оларға браконьерлермен тең ауыр жаза қолданылып келді. Енді бұлай болмайды.

Еске сала кетсек, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық–Процессуалдық Кодекстерге ревизия жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, 2023 жылдың сәуір айында депутаттар қылмыстық заңнаманы оңтайландыруды қолға алды. Соның аясында Қылмыстық кодекс 339-1 бабымен толықтырылды. Ол азаматтың әрекетінің қоғамға қатысты қауіп деңгейі мен сипатына қарай сараланған қылмыстық жауапкершілік енгізуді қарастырады. Яғни, табиғи ортадан жануарларды аулаған азаматтарға неғұрлым қатаң, ал дериваттарды сақтаған тұрғындарға неғұрлым жеңіл жаза енгізілді. Бұл ретте шығын экологияға залал келтірген азаматтардан ғана өтеп алынады. Бұл қомақты шығынды тек брако-ньерлер өтейтінін білдіреді.

Аталмыш өзгеріс аясындағы алғашқы сот отырысы біздің өңірде өтті. Сөйтіп, Павлодар облысы жаңа қылмыстық заңнаманы алғаш іске асырған аймақ атанды. Облыс орталығындағы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта өткен ашық отырысқа ҚР Парламенті Мәжі-лісінің депу-таттары, аталмыш заң жобасы бойынша жұмыс тобының өкілдері – павлодарлық депутат Жарқынбек Амантай, Үнзилә Шапақ қатысты.

Сот ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабы бойынша сотталған азаматтардың ісін 339-1 бап бойынша қайта қарады. Сот отырысының қорытындысы бойынша дериваттарды сақта-ғаны үшін сотталған бес адам босатылды. Олардың қатарында 2023 жылы жеті жылға бас бостандығынан айырылған Сағындық Шариев те бар. Жаңа заңнамалық өзгерістің нәтижесінде ол отбасына оралып, еркіндікке шықты. Жалпы, еліміз бойынша мыңға жуық іс осы бап бойынша қайта қаралмақ.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай мұндай қадам қылмыстық саясатты ізгілендіру бағы-тындағы жүйелі жұмыстың нәти-жесі екенін атап өтті.

— Бұған дейін қырда мал бағып жүріп, киіктің мүйізін тауып алып, оны сақтағандар да, сирек кездесетін балықты білместіктен сатып алып, оны екінші жерге апарып жатқан тұрғындар да қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 млрд теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын. Ендігі ретте әріптесіміз Абзал Құспанның бастамасымен аталмыш заңнама толықтырылды. Миллиардтаған айыппұл арқалаған азаматтардың істері қайта қаралып, бостандыққа шықты. Бүгінде Парламент қабыр-ғасында қабылданған заңның іс жүзінде қалай орындалғанын алғаш рет Павлодар облысында көріп, бостандыққа қадам басқан азаматтардың сезіміне куә болдық. Әділетті Қазақстан әділ заңдармен құрылады. Бұл ретте нағыз браконьерлерді қатаң жаза күтіп тұрғанын да баса атап өткім келеді, — деді депутат.

Ал Үнзила Шапақтың айту-ынша, сот үкімдерін қайта қарау азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтады.

— Бүгін біз мемлекет халықтың үнін тыңдауға және талдауға дайын екенін көріп отырмыз. Бұл — нағыз әділдік, — деп атап өтті Ү.Шапақ.

Осылайша, қылмысқа жанама қатысқан тұлғалардан жауап-кершілік алынып, керісінше нағыз браконьерлерге қатысты жаза қатаң болмақ. Бұл ретте біздің облыс жаңартылған қылмыстық заң нормалары іс жүзінде қолданылған алғашқы өңір ретінде елде жаңа құқықтық тәжірибенің бастауына жол ашты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.