Ақсу қаласына қарасты бірнеше ауылдық аймақтағы аурухананың иелегіне жаңа санитарлық көліктердің кілттері берілді. Енді дәрігерлер науқастарға бұрынғыдан да жедел жете алады.
Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов Республика күні қарсаңында Береке, Евгеньевка, Қанаш Қамзин және Қызылжар ауылдарындағы емдеу орындарының өкілдеріне жаңа медициналық көліктердің кілттерін табыстады. Олар заманауи медици-налық құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.
— Бүгінгі оқиға – ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Жаңа көліктер дәрігерлер мен фельдшерлерге науқастарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті шаһар басшысы.
Осылайша, ауылдық елді мекендердегі ескі көліктер жаңарып, заман талабына сай жабдықталды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының медициналық көмекті дер кезінде алуына оң ықпалын тигізуі тиіс.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

