Республика күні қарсаңында бір топ баянауылдық балалар мен жастар «Тәуелсіздік ұланы» медалімен марапатталды.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев егемен еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген дарынды жастармен кездесіп, мерекелік медальдармен наградтады. Құрметке бөленгендердің қатарында әр салада жетістікке жеткен жандар бар.
– Бүгін біз білім-ғылым, өнер мен спорт жолындағы табанды еңбектің нәтижесіне куә болып отырмыз. Сіздер республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда өздеріңізді дәлелдеп келесіздер. Біз сонымен мақтанамыз. Киелі Баянауылдан үлкен ғалымдар, белгілі тұлғалар шығады деп сенеміз. Әрдайым биік белестерді бағындыра беріңіздер. Ел болашағы – осындай дарынды жастардың қолында! – деді аудан әкімі құттықау сөзінде. Сонымен қатар, ол жас ұрпақтың табысына үлес қосқан ата-аналар мен ұстаздарға да ризашылығын білдіріп, олардың да еңбегі мол екенін атап өтті.
Салтанатты шара жастарға ерекше шабыт пен жігер сыйлады. Мұндай бастамалар жас буынның Отанға деген патриоттық сезімдерін арттырып, рухтандыратыны сөзсіз.
Н.АҚЫТЕГІ.

